ПРЕЗИДЕНТ КІТАПХАНАЛАРЫ, ОРТАЛЫҚТАРЫ, ҚОРЛАРЫ ТУРАЛЫ ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫНЫҢ ДАЙДЖЕСІ (ТАМЫЗ, 2017)

АҚШ Конгрессі үздік жас ақындарды марапаттамақ

АҚШ Конгрессінің кітапханасы студенттер арасында Жас ақындар сайысын жариялаған болатын. Конгресс кітапханасының қызметкері Карла Хайден мен Музей және кітапхана қызметтері институтының директоры Кэтрин К.Мэтью бастамасымен іс-шара аясында мемлекеттің бес өңірінен келген жеңімпаз жастар өздерінің біртума жұмыстарын оқиды. Марапаттау рәсімі Өнер және гуманитарлық ғылымдар жөніндегі Президент комитетінің, Жас суретшілер мен жазушылар альянсының қолдауымен өтпек.

https://www.loc.gov

 

Гейдар Алиев қорының қолдауымен бакулық жетім жастар Мәскеуге барып қайтты

Гейдар Алиев қоры №1, 2, 3 Баку балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне арнап Мәскеудегі жазғы демалыс бағдарламасын дайындады. Оның аясында 8-13 жас аралығындағы балалар Мәскеу зоопаркі, Москвариум, Поклонная тауы, Қызыл алаң, Александр саябағы іспеттес Ресей астанасының т.б. көрікті жерлерін аралады. Орыс ұлтының тағамдарынан дәм татқан олар «Әзірбайжан ұлттық тағамдарының кешіне» қуана қатысып, аспаздық өнерлерін шыңдады. Мұндай іс-шара балалар көзқарасының кеңеюіне, жаңа достарды табуына ықпал етті.

http://heydar-aliyev-foundation.org

 

Гейдар Алиев қорының бастамасымен қос балабақша ашылды

Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиев Гах, Самух қалаларында Гейдар Алиев қорының бастамасымен салынған балабақшалардың ашылу салтанатына қатысты. Қос ғимаратта балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін барлық жағдайлар жасалған. Бүлдіршіндермен жаттығу бөлмелері қажетті құралдармен толық жабдықталған. Жатын орындары да балалардың талғамына сай таңдалған. Балабақшалардың ауласына ойын алаңқайлары мен аттракциондар орнатылған.

http://heydar-aliyev-foundation.org

 

Беларусь Республикасының Президенттік кітапханасында Дүниежүзілік фотография күніне орай көрме ашылды

Беларусь Республикасы президентінің Резиденциясындағы Президенттік кітапхананың филиалында «Фотография: кадрдағы әсерлер» («Фотография: жизнь впечатлений в кадре») көрмесі ашылды. 19 тамыз – Дүниежүзілік фотография күніне орай ашылған экспозицияда фотография өнерінің дамуынан сыр шертетін суреттер мен белорус фотошеберлерінің альбомдары, Беларусь Республикасы Президенттік кітапханасының көне баспалы, сирек басылымдар қорындағы кітаптар ұсынылған.

https://www.preslib.org.by

 

Ашық ғарыш жайлы ашық дәріс өтті

Ельцин Орталығы жанындағы алаңқай Екатеринбург планетарийінің директоры Александр Изгагиннің қатысуымен астрономиялық лабораторияға, тіпті обсерваторияға айналды.Жиналған қауым ғарыш саласының көпке белгісіз деректерімен танысты. Осы орайда 1962 жылы «Восток-3», «Восток-4» зымырандарын бірдей ғарышқа жіберген Кеңес Одағының АҚШ-ты таң қалдырғанынан бастап, қос мемлекет арасындағы бәсекелестік жайлы кеңінен сөз қозғалды. Дәрісті мұқият тыңдаған аудитория планетарий директорына Марсқа сапар жөнінде сауалын қойды. Оның сөзінше, Марсқа ұшу қыруар қаражатты талап ететін іс. «Марсқа сапарды үнемдірек ету үшін ай бетіне қосымша нысандар тұрғызу қажет. Олардың көмегімен шығындарды азайтуға болады. Бұл мақсатта мемлекеттердің өз күштерін жұмылдырулары шарт», - дейді Изгагин.

http://yeltsin.ru

 

Капка Кыневаның «қағаз шығармашылығы»

Ельцин Орталығында болгар суретшісі Капка Кыневаның «Қағаз бетіндегі оқиғалар» («Бумажные истории») атты көрмесі өтті.Болгар суретшілері одағы мен ADC Bulgaria мүшесі Капка Кынева бүгінде Болгарияның танымал кітап иллюстраторы саналады. Өз шығармашылығында ол қағаз, текстиль, пленка, калька іспетті материалдарды пайдаланады. Ал оның қағаздан жасаған мүсіндері көпшіліктің ерекше қызығушылығына ие. Көрмеде Кыневаның «Илиада», «Одиссея», «Энеида», «Дон Кихот», т.б. жұмыстары төрт блокқа бөлініп ұсынылған. Келушілер автордың кітаптарға арнап салған суреттерімен де таныса алады. Аталмыш көрме 10 қыркүйекке дейін созылмақ.

http://yeltsin.ru