ПРЕЗИДЕНТ КІТАПХАНАЛАРЫ, ОРТАЛЫҚТАРЫ, ҚОРЛАРЫ ТУРАЛЫ ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫНЫҢ ДАЙДЖЕСІ

29.03.2017

Президент кітапханасында білім беру саласының 12 мыңнан астам маманын тоғыстырмақ

2017 жылдың 31 наурызында Борис Ельцин атындағы президент кітапханасында «Заманауи білім беру: бір кеңістіктегі түрлі мүмкіндіктер» атты VIII Петербор халықаралық білім беру форумының пленарлық отырысы өтеді. Келелі жиын Президент кітапханасының порталындағы «Тікелей трансляция» бөлімінде тікелей эфирге шығады. Негізгі шаралары 2017 жылғы 29-31 наурызда өтетін форумда 20 мемлекеттің өкілдері бас қосады. Оған Қазақстанмен қатар Австрия, Беларусь, Болгария, Венгрия, Германия, Испания,  Кипр, Қырғызстан, Қытай, Латвия, Молдова, Тәжікстан, Финляндия қатысады. Пленарлық мәжіліс білім беру саласының 12 мыңнан асатын мамандарын бір алаңда тоғыстырмақ.

www.prlib.ru

 

АҚШ 44-ші президентіне Дж. Кеннеди атындағы ерлік сыйлығы табысталмақ

АҚШ бұрынғы президенті Барак Обама ерлік үшін берілетін Джон Кеннеди сыйлығының иегері атанды. Қабылданған шешімді Джон Ф.Кеннеди атындағы қор жариялады. Мәртебелі марапат 7 мамыр күні Джон Ф.Кеннедидің 100-жылдығын атап өту барысында Президенттік кітапхана мен музейде тарту етілмек. Оны АҚШ Жапониядағы тұңғыш әйел елшісі, америкалық саясаткер, жазушы Дж.Кеннедидің қызы Кэролайн Кеннеди және оның ұлы Джек Шлоссберг табыстамақ.

2008 жылы Барак Обама Америка Құрама Штаттары президентінің лауазымына сайланған тұңғыш афроамерикандық ретінде тарихи жеңіске қол жеткізді. Оның миллиондаған американдықтардың қауіпсіздігін нығайту, Кубамен дипломатиялық байланыстарды жаңарту, климаттың өзгеруіне қарсы маңызды халықаралық келісімді қабылдау іспетті жетістіктері саяси ерліктің нышанына айналды. Джон Кеннеди атындағы ерлік сыйлығы жеке немесе кәсіби мүдделерін ескермей, маңызды саяси шешім қабылдаған мемлекеттік қызметкерлерге беріледі.

www.jfklibrary.org

 

Шарль де Голль қоры ҚХР Сыртқы істер институтын қарсы алды

Шарль де Голль қоры 11 наурыз күні Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер институтын және ҚХР бұрынғы сыртқы істер министрі болған Институт төрағасы Ли Чжаосин мен вице-президент Лян Цзакуанды, директоры Лу Цзиньтаоны қарсы алды.

ҚХР сыртқы істер институты Франция мен Қытай ынтымақтастығының маңызды қатысушысы. 1964 жылдың 19 қаңтарында француз парламентарийлерінің делегациясын Пекин қаласында аталмыш институттың төрағасы Чжан Кситуо қарсы алған болатын. ҚХР Сыртқы істер институты - Шарль де Голль қорының сыйлы серіктесі. Олардың бірлескен жоспарының арқасында 1964 жылдың 28 қаңтарын еске алу шаралары 2004 және 2014 жылдары ұйымдастырылды. 10 жылдың көлемінде жарқын болашаққа ұмтылған Қор мен Институт жастардың өзара алмасу бағдарламасын қолға алған. Институт өкілдері серіктестікті нығайтуды талқылау мақсатында Францияға бет бұрған. Жаңа алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында Қор өкілдері Қытайға сапарын наурыздың соңына жоспарлап отыр.

 

Дүниежүзілік дауыстап оқу күні

Жыл сайын наурыз айында Дүниежүзілік дауыстап оқу күні мен Дүниежүзілік жазушы күні атап өтіледі. Оның аясында Беларусь Республикасы президенттік кітапханасының қызметкерлері «Дауыстап оқимыз» тақырыбындағы акцияға қатысты. Шараға Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогика университеті мұрындық болған. Шығармашылық кеш барысында Президенттік кітапхананың ақпараттық ресурстар бөлімінің қызметкері Ольга Журомская Сергей Граховскийдің «Мать» деген өлеңін оқыды.

www.preslib.org.by

 

«Ханымдар мен мырзалар... The Beatles!»

Клинтон президент орталығында «Ханымдар мен мырзалар... The Beatles!» атты уақытша көрме өтуде. Шара барысында «The Beatles» тобының американдық поп-мәдениетке, медиа мен музыкаға, өнерге, сәнге, тіпті жарнамаға тигізген ықпалы зерделенеді. Қазіргі уақытта Клинтон президент орталығында сирек кездесетін суреттер, бейнематериалдар, саяхат құралдары, тарихи құжаттар секілді 400-ден астам жәдігер сақталған. Бағдарлама аясында өнерге жаны жақын меймандар үшін «The Beatles» тобының әндерінің өзіндік нұсқасын жазу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар орталыққа келгендер Эбби-Роуд көшесінен өтіп бара жатқан топ мүшелерінің суретіне еліктеп, аты шулы «Abbey Road» альбомының сыртынан өздерінің бейнелерін көре алады.

www.clintonfoundation.org

 

Ататүрік атындағы кітапхананың қоры толықты

Ыстамбұл қаласында орналасқан Ататүрік кітапханасы жеке топтамасын кеңейтуді мықтап қолға алды. Мекеме құнды жәдігерлерді сыйға алып қана қоймай, оларды сатып алуда.

Жақында Кітапхана түрік мәдени мұрасына қатысты сирек кездесетін 4500 шақты кітапқа ие болды. Олардың көбі Осман империясының сұлтаны ІІ Абдул-Хамидке арналған және билеуші халифтің Жеке кітапханасынан алынған.

Ататүрік кітапханасы Ыстамбұл тұрғындары мен қала қонақтарын қызықтыру мақсатында кітаптар қорын ұлғайту жұмыстарын жалғастырмақ. Алдағы уақытта көпшілік  назарына жаңа жәдігерлер көрмесін ұсыну жоспарланып отыр.

 

Кино туралы қалай жазу керек?

Франция Ұлттық кітапханасында кино өнеріне арналған конференция өтті. Келелі жиын барысында жазушылар, режиссерлар, продюссерлер бірлесуімен жүргізілген жұмыстың және үздіксіз түсірілім барысының мәселелері, фильм монтажындағы жаңа терминдер, сценарийлердің жазылу тәртібі мен олардың романнан ерекшелігі кеңінен талқыға салынды. Іс-шара жетекшілігін әйгілі режиссер Фредерик Сойшер өз мойнына алды. Кино өнерін сүйетін қарапайым қауым да конференцияға қатысып, пікір алмасты.

www.bnf.fr