ПРЕЗИДЕНТ КІТАПХАНАЛАРЫ, ОРТАЛЫҚТАРЫ, ҚОРЛАРЫ ТУРАЛЫ ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫНЫҢ ДАЙ

Джон Кеннеди атындағы кітапхана қоры президенттің есімімен аталатын орындар тізімін жинақтауда

Джон Ф.Кеннедидің есімімен аталған жүздеген мектеп, көшелер, парктер мен орталықтар кезінде мемлекет басқарған президенттің атын әлемге әлі де паш етуде. Өзінің жүз жылдығына орай Джон Кеннеди атындағы Кітапхана қоры президент есімімен аталатын мекемелер мен орындардың тізімін құруды бастады. Осы мақсатта кітапхана веб-сайты виртуалды картаны іске қосты. Соның арқасында кез келген адам тізімге қосылуы тиіс жердің картадағы орнын белгілеп, оның суретін кіргізе алады. «Президент Кеннедидің әлемге тигізген ықпалын оның есімімен аталатын мекемелер мен орындардың ауқымын көріп қана толық ұғынуға болады. Біздің бастамамызды жұртшылықтың қолдап, бұрын көпке белгісіз орын атауларын жаңғыртуға үлес қосып жатқаны қуантарлық жайт», - деді Джон Ф.Кеннеди атындағы кітапхана қорының атқарушы директоры Стивен Ротштейн. Қазіргі уақытта сайт картасын 700 орын мен 200 фото сурет қамтып отыр.

https://www.jfklibrary.org

 

АҚШ Конгрессінің кітапханасы «Ұлттық кітап фестивалі» аясында смартфондарға арналған бағдарламаны іске қосты

АҚШ Конгрессінің кітапханасы ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде «Ұлттық кітап фестивалін» өткізуді жоспарлап отыр. Соған орай Кітапхана кітап сүйер қауым мен фетивальге қызығушылық танытатын жандарға арнайы смартфон бағдарламасы іске қосты. Бағдарлама фестивальге қатысушы авторлардың еңбектері, сондай-ақ фестиваль кестесі, әлеуметтік желі парақшалары, карталар секілді түрлі қосымшалардан тұрады. Оның көмегімен қолданушылар белгілі бір кітапқа қатысты өз ойын білдіріп, пікір алмаса алады.

https://www.loc.gov/

 

Ыстамбұл қаласында жаңа көрме ашылды

«Қажы Харемейн және қасиетті жол» көрмесі қала тұрғындары мен шетел қонақтарын ислам әлемімен жақынырақ таныстырып, бүкіл әлемнің мұсылмандарымен тығыз байланысты «қажылық» түсінігінің мәнін түсіндіреді. Көрмеде Ыстамбұл әкімдігі кітапханалары мен музейлерінде сақтаулы тұрған материалдар ұсынылады. Олардың қатарында қажылыққа бел буған көптеген саяхатшылардың суреттері, қасиетті нысандардың фото құжаттары мен макеттері бар. Ататүрік атындағы кітапхана қызметкерлерінің сөзінше, бұл көрменің ұйымдастырылуы аталмыш тақырыптағы жәдігер-құжаттардың көпшілік болуымен байланысты. Көрме маусым айының соңына дейін созылмақ.

http://ataturkkitapligi.ibb.gov.tr/

 

Клинтон орталығында қос көрме ашылмақ

Билл Клинтон атындағы президент орталығында «Африка өнері: бір континент, сан алуан көзқарас» және «Мандела: Адамдыққа апарар жол» атты қос көрменің ашылуы жоспарланып отыр. Алғашқы көрмеде Африка мәдениетінің бай тарихынан сыр шертетін жәдігерлер ұсынылса, келесі көрме Оңтүстік Африканың бұрынғы президенті Нельсон Манделаның өмірі мен мұрасына арналмақ. «Африка – қиын-қыстау кезеңдерді өткеріп, жаңа келешекке ұмтылған мәдениеті мен ұлттық рухы бай мемлекет. Оларға құрмет көрсету арқылы, Африка күнінің мерейіне ортақтасқымыз келеді», - деді Билл Клинтон. Көрмелер келесі жылдың ақпан айына дейін жалғасады.

https://www.clintonfoundation.org/

 

Франция ұлттық кітапханасында Моцартқа арналған көрме ашылды

Франция ұлттық кітапханасында «Моцарт: француздық құштарлық» көрмесі ашылды. Көрме экспозицияларында Франция ұлттық кітапханасының, сондай-ақ Париж операсының қорында сақтаулы тұрған жәдігерлер ұсынылған. Олардың қатарында әлемге әйгілі «Дон Жуан», «Фигароның үйлену тойы» сынды т.б. опера қолжазбаларының түп нұсқалары бар. Экспозициялардан Вольфганг Амадей Моцарттың туындыларына арнап беделді суретшілер салған опералық киімдердің, әшекей-бұйымдардың нобайларын да көруге болады. Композитор шығармашылығына арналған көрме француз халқының Моцартты мойындауы үшін қандай кезеңдерден өткенін баяндап, келушілерді музыканттың француз талғамына сай бейімделген туындыларымен таныстырады. Көрме 10 қыркүйекке дейін созылады.

http://www.bnf.fr/

 

ІХ Габала халықаралық музыка фестивалінің ашылу салтанаты өтті

Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауы мен Гейдар Алиев қорының ұйымдастыруымен ІХ Габала халықаралық музыка фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Рәсім Гейдар Алиев атындағы Габала қаласының конгресс орталығы алдында орналасқан ашық сахнада өтті. Оның барысында Әзірбайжан Республикасының бірінші вице-президенті, Гейдар Алиев қорының президенті Мехрибан Алиеваның хаты оқылды. «Габала халықаралық музыка фестивалі беделінің жылдан жылға артып келе жатқаны бізді қуантады. Қазіргі уақытта фестиваль мәдениет аралық сұхбаттың дамуына үлес қосушы басты шаралардың бірі ретінде мойындалып отыр. Бүгінде ол  достық пен әуеннің мерейін жырлайды», - деді Мехрибан Алиева. Габала халықаралық музыка фестивалі 2009 жылдан бастап өткізілуде. Оның сахнасында Әзірбайжан мен шетел композиторларының туындылары орындалады. Орындаушылардың қатарында дарынды жас музыканттармен қатар есімдері әлемге кең жайылған композиторлар да бар.

http://heydar-aliyev-foundation.org/

 

Беларусь Республикасының президент кітапханасында «Шабыт» («Вдохновение») көрмесі ашылды

Беларусь Республикасының президент кітапханасында бейнелеу өнері көрмелерінің ұйымдастырылуы игі дәстүрге айналған. Кезекті көрмеде Мәскеу суретшілері Марина Рубанова мен Нина Ромадинаның жұмыстары ұсынылып отыр. Бүгінде қос суретшілердің кескіндемелері Ресей мен өзге де елдердің жеке топтамаларында сақтаулы. Марина Рубанованың Африкадағы пленер кезінде орындаған жұмыстары көпшілікті қызықтырды. Ал Нина Ромадинаның туындылары импрессионистердің шығармашылығына ұқсауымен ерекшеленді. Көрме ағымдағы жылдың 30 тамызына дейін жалғаспақ.

https://www.preslib.org.by

 

Архив құжаттарын қашықтықтан пайдалану жүйесі дами бермек

Ресей Федерациясы мемлекеттік архивінің, сондай-ақ өзге де федералды архивтердің құжаттарына қолжетімділікті арттыру жұмыстары қарқынды дамуда. ЭЛАР корпорациясы дайындаған «Бірыңғай федералды архивтердің электронды оқу залы» ақпараттық жүйесінің көмегімен интернет қолданушылары архивтердің біріккен ғылыми-анықтамалық аппаратына қол жеткізе алады. Яғни аталмыш жүйе арқасында ізденушілер үшін қашықтықтан құжаттарға тапсырыс беріп, оның көшірмесін жасатуға төлем жүргізу мүмкіндігі туып отыр.

 

Ельцин орталығында кэндо өнеріне арналған шара өтті

Ельцин орталығы алдындағы ашық алаңда кэндо өнерін сүйер қауым семсерлесудегі өз қабілеттерін көрсетті. Көптеген көрермендерге тосын сый болған жаппай семсерлесу аяқталысымен білім беру орталығында Уэхара Кичионың дәрісі өтті. Токио университетінің мұғалімі, кэндо бойынша сегізінші дан иегерінің сөзінше, заманауи өмірде семсермен шайқасудың қажеттілігі болмағанмен, кэндомен айналысу арқылы адам денесі ширап, рухы шыңдала түседі. «Жауынгерлік рух өзін емес, өзгелердің қамын ойлауға негізделеді», - дейді ол. «Кэндо филисофиясы және оны тәжірибе, өмір, жұмыс барысында қолдану» тақырыбында дәріс оқыған Уэхара Кичио кездесу барысында көрермендерге жауынгерлік өнер негіздерін түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді.

http://yeltsin.ru/

 

Президент кітапханасы трамвайдың Санкт-Петербургте ойлап табылғанын растайтын айғақтарды іздейді

Ресей Федерациясының президент кітапханасы және «Горэлектротранс» кәсіпорны алғашқы трамвайдың Санкт-Петербургте ойлап табылғанын дәлелдейтін деректерді іздеу жұмыстарын бастады. «1880 жылы трамвайды іске қосу бойынша алғашқы тәжірибелер Ресейде өткізіле бастады. Бұл тәжірибелер «нәтижелері кейін жариялануға қалған» жобалардың бірі екеніне сенімдіміз. Бұл сөзді растайтын айғақтарды табуға Президент кітапханасымен бірге кірістік. Олардың архивте сақтаулы тұрғаны анық», - деді «Горэлектротранс» ММК директоры Василий Остряков. Сол кезде жарық көрге газеттер мақалаларына сәйкес, Петербург инженері Федор Пироцкий тәжірибесінің арқасында, «электр күшінің көмегімен вагондар қозғала бастады». Президент кітапханасы мен «Горэлектронтранс» ұйымының арасында қол қойылған келісім-шарт аясында бірлескен іздеу жұмыстары жүргізілуде.

http://www.prlib.ru/