Елбасы кітапханасының қоры пошта маркаларының бірегей жинағымен толықты. 2017 жылдың 9 қазанында «Қазпошта» АҚ қазіргі Қазақстан тарихының елеулі және естелік оқиғалары бейнеленген пошта төлем белгілерінің жинағын Кітапханаға тарту етті. Жинақты 160-тан астам марка бірлігі құрайды. Маркаларды тапсыру Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық атаулы күндер тізіміне енгізілген Дүниежүзілік пошта күніне сәйкес келуі тегін емес.

Елбасы кітапханасының музей жинағы Мемлекет басшысына тарту етілген сый-сияпат есебінен ғана емес, сондай-ақ қызметкерлердің ізденіс үстіндегі жинақтау жұмыстарының нәтижелерімен де толығып отырады. Астананың 20 жылдығына арналған көрменің экспозициялық жоспарын жасау барысында еліміздің көптеген мекемелерінен жинақтау жұмыстары жүргізілді.
Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева жинақтау жұмыстарының нәтижесі туралы өз пікірін білдірді:
– Мемлекет басшысының қызметі жағынан бастамалары, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды үдерістер және оқиғалармен байланысты, Қазақстан Президентінің қандай да бір тапсырмасын орындауды, сондай-ақ Елбасы қызметінің сан қырлы тұстарын айшықтауды көздейтін ұйымдар және мекемелермен біз 10 жыл бойы тығыз ынтымақтастықта қызмет атқарып келеміз. Мысалы, Ұлттық банк, «Қазпошта» АҚ, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС, Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені және т.б. Ұсынылған пошта маркаларының альбомы «Қазпошта» акционерлік қоғамымен арадағы екі жылдық белсенді жұмыстың нәтижесі. Филателия жинағы – өнердің бір түрі, дәуір бейнесін бойына жинаған кез келген қоғамның материалдық мәдениетінің көрінісі. Музей жинағы өзіндік мазмұны жағынан баға жетпес материалдармен толықты.

Елбасы кітапханасының келушілері маркалардың бірегей жинағын 2018 жылы Астананың 20 жылдығына орай ашылатын уақытша қор көрмесі экспозициясынан көре алады.
