Бүгін Елбасы кітапханасының мұражайын Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич аралады. Мәртебелі мейман Кітапхана мұражайының жаңа ғимаратындағы көрме залдарымен танысып, алған әсерімен бөлісті.
«Экскурсия өте қызық өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызметі - бұл елдің саяси тарихы. Қазақстан бүгінде бейбітшілік пен бірліктің орталығы, ең құнды нәрсені - ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтай білген кеңестік республикалардың бірегейі. Бұл Тұңғыш Президенттің салиқалы ішкі саясатының жемісі. Сондықтан, көрме әрбір келуші үшін өте маңызды, әсіресе экспозициялардың жоғары технологиялық тиімділігін ескерсек. Бұл ХХІ ғасырдың көрмесі деп айта аламыз », - деді С.Хазбиевич.
Толыққанды экскурсиядан кейін Польша Республикасының Елшісі Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рақымжановпен кездесті. Мекеме басшысы қонаққа келгені үшін алғысын білдіріп, халықтар арасындағы, әсіресе мәдениет саласындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Селим Хазбиевич қызықты экскурсиялық тур үшін алғысын білдіріп, мұражайдың технологиялық жабдықталуы - бұл ақпараттық технологиялар саласындағы озық шешімдерді қолдана отырып, Қазақстанның белсенді дамып келе жатқанының жарқын мысалы екенін тілге тиек етті. «ХХІ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан әлемдегі жетекші елдердің бірі болады. Бұл үшін елде барлық қажетті экономикалық және зияткерлік ресурстар бар », - деп түйіндеді Елші. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың келешегін, оның ішінде көрмелер ұйымдастыру саласындағы әріптестікті талқылады.



