«ПЕТРИКОВ ЖАЗУЫ – АДАМЗАТТЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ЕМЕС МӘДЕНИ МҰРАСЫ» ЖЕКЕ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Бүгін Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында украин суретшісі, Украинаның Ұлттық суретшілер одағының мүшесі, Морестен қаласының (2013, Франция) Заманауи өнер қауымдастығының мүшесі Галина Назаренконың «Петриков жазуы – адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы» атты шеберлік сыныбы және жеке көрмесінің ашылуы өтті. Көрме музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында Украинаның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Галина Назаренко шеберлік сыныбы барысында Петриков жазуларының шығу тарихы, оның техникалық ерекшеліктері мен украин халқының мәдениетіндегі маңыздылығы туралы әңгімелеп берді.

 

– Петриков жазуы мен үшін украин халқының өнерін көпшілікке таратуға бағытталған өмірім десе болады. Егер мәдениет пен тіл жоғалса, онымен бірге ұлт та жойылады. Бұл екеуі – кез келген ұлттың негізін қалайтын құрамдық бөліктер. Оны қастерлеп, көздің қарашығындай сақтау қажет. Туған-туыстарым мен жақындарымның қолдауының арқасында мен көп саяхаттаймын және де өзім барған елдерде украин халқының өнерін насихаттап жүремін, Украинамен таныстырамын, - деп түсіндірді қылқалам шебері.

2013 жылғы 5 желтоқсанда Петриков жазуы ЮНЕСКО-дағы адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді.

– Өзіндік ерекшелігі бар әрі бірегей Петриков жазуларының қайнар көзі запорождық казактардың өнерінен бастау алады. Халық арасында оны «украиндық барокко» деп атайды. Біздің аймақ ешқашан крепостнойлық қожалықпен айналысқан емес. Адамдар әрқашанда ерікті, өз бостандығы өздерінде болды. Қай кезде де өзін және үйін жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Ең алдымен пешті сәндеп, Пасха және Рождество тәрізді үлкен мерекелерде оны ақтап, суреттер салған. Кейінірек өз үйлерін, киімдерін, ыдыс-аяқтарын сәндей бастаған, - дейді суретші.

Көрме экспозициясына автордың 50-ден астам жұмысы ұсынылды. Олардың әрқайсысы аты аңызға айналған аға буын шеберлерінің өзіндік ерекшелігі мен ең үздік дәстүр сабақтастығын көрсетеді. Галина Назаренконың әрбір туындысы – бұл туған өлкенің сұлулығын әнге қосу, мерекені сезіну.