Бүгін Елбасы кітапханасында қала педагогтарының арасында үздік музей сабағына жарияланған «Туған жер – тұнған тарих» шеберлік байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» білім беру кәсіподағы, «Астана дарыны» ДДжПСО ұйымдастырған сайыс дарынды жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған. Ол сондай-ақ музейлік педагогика саласына қазіргі технологияларды енгізіп, инновациялық тәжірибе алмасуды қолдауды, білім беру және мәдениет салаларын ұштастыруды, ел егемендігін орнатудағы Елбасының рөлін насихаттауды, музей, архив құндылықтарын дәріптеуді көздейді.
Байқауға қатысу үшін 100-ге жуық өтінім келіп түскен. Ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар барысында Елбасы кітапханасы музей қорларының материалдарын қолдана отырып, елордалық мектептер мен колледждердің тарих пәні мұғалімдері мен оқытушылары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлері Тұңғыш Президенттің қызметі арқылы Қазақстанның жаңа тарихын ашты.
Іс-шараға Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әділет» білім беру кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев, Астана дарыны» ДДжПСО директоры Майра Құрманбаева қатысты.
– Ұлттық мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында біз «Туған жер – тұнған тарих» атты үздік музей сабағына арналған байқауды қорытындылаймыз. Ұстаздық өте ежелгі мамандық. Педагог қоғамның, ғылым мен мәдениеттің болашағын қалыптастырады. Мұғалімнің оқушы көкжиегін кеңейтудегі, сондай-ақ болашақ ұрпақтың санасын қалыптастырудағы еңбегі орасан зор. Ұстаз адамгершіліктің ең биік үлгісі. Заманауи қазақстандық мұғалімдер тек білім алуға ғана емес, сондай-ақ патриоттық тәрбие мен дүниетанымды қалыптастыруды, азаматтық, патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті бағдар етуі тиіс. Осы байқау барысында біз талантты және ынталы мұғалімдерді тапқанымызды қуана атап өткім келеді, -деді байқауды ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова .
– Дарынды мұғалімдерді қолдайтын осындай іс-шаралар өте маңызды. Тарихымызды, оның ішінде қазіргі заманғы тарихты, білу әрі зерттеу – бүгінгі күннің өте маңызды мәселесі. Мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамалары мен Жолдауларын кеңінен түсіндіру және насихаттау идеясын қолдаймын. Мұндай сабақтарды барлық мектептерде өткізуді тәжірибеге енгізу керек деп ойлаймын, - деп ой бөлісті Бүркіт Аяған.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде мен 50 мың теңгелік сыйақыға №77 мектеп-гимназияның мұғалімдері Гүлдана Шәпиева мен Нығмет Алтайбек ие болды. Бірінші орын мен 40 мың теңгелік ақшалай сыйлық Нұр-Сұлтан қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқытушылары Айғыз Тұрғанбаева мен Нұрлан Сүйесінов қанжығасына байлады. Ал жүлделі екінші орыннан көрінген №76 мектеп-лицейінің мұғалімі Бейбіткүл Саирова мен №67 гимназияның ұстазы Бақтықали Бұлғиев 30 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Үшінші орын жеңімпаздары Талғат Естемесов (Көлік және коммуникация колледжі), Наталья Важенина және Гүлбақыт Мұханова (№35 «Ертегі» балабақшасы), Шынар Сапарқызы және Ербол Әлиев (№53 мектеп-лицейі) атанды. Оларға 20 мың теңгеден берілді. Қосымша 10 мың теңгелік сертификатпен және «Ғылыми ізденіс шеберлігі» номинациясымен Наташа Әбіл (№8 орта мектебі),
«Әдістемелік шеберлігі үшін» номинациясымен Нұрсұлу Досова (№67 гимназия), «Оқушылардың ұшқыр ойлылығы үшін» Әлима Оразалива (№74 мектеп-гимназия) марапатталды.
– Үздік музей дәрісіне жарияланған сайыстың жүлделі орнына кезінде ие болып, биыл тағы бақ сынағаныма қуаныштымын. Елбасы кітапханасының бастамасымен іске қосылған бұл жоба мұғалімдерге кәсіби шеберлігін шыңдау мүмкіндігін берсе, оқушыларға тұйықтықтан арылып, құрдастарының арасында ашылуға, ой алмасып, білім толықтыруға көмектеседі. Сол себепті астаналық педагогтар жылсайынғы сайысты қуана, белсенді қолдайды. Ұлы дала мұрасымен Елбасы жолдауларының сабақтастығын қарастырған сабағымызды әріптесім екеуіміз 7, 9, 11 сынып оқушыларына жүргіздік. Олардың салыстыру жүргізудегі, талдау жасаудағы икемі, топпен жұмыс істеу қабілеті, тарихқа құштарлығы, таң қалдырды. Осы тұста жеңісті қанжығасына байлаған мұғалімдерді шын жүректен құттықтап, тәлім-тәрбие берудегі маңызды борышын абыроймен атқара беруін тілеймін, - деді №77 мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі Гүлдана Шәпиева.








