ПЕДАГОГ МАМАНДАР БАС ҚОСТЫ

«Білім өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының конференциясына қатысуға бас қалаға келген облыс мұғалімдері Елбасы кітапханасына ат басын бұрып, «Мәңгілік ел» квест-экскурсиясы арқылы музей экспозицияларын тамашалады.

Бүгінгі музейлер тарих ордасы ғана емес, олар – болашақтың жасампазы, өзекті ақпараттың орталығы, өнердің жаршысы. Бұл өзгерістің нәтижесінде музей қызметі мен кеңістігін ұйымдастырудың жаңа форматтарына сұраныс туындайды. Сондай форматтардың жаңа түрі – келушілерге квест-экскурсия ұйымдастыру.

Елбасы кітапханасы түрлі квест-экскурсияларды әзірлеп, оларды жүйелі түрде өткізеді. Бұл квесттердің негізгі аудиториясы – жастар.

Бүгінгі квест қатысушылары бұл үлгідегі экскурсияларды өткізуге қатысты пікірімен бөлісіп, олардың өзектілігін, сабақтан тыс жұмыс кезіндегі оқу-тәрбие ісіне қатысты пайдасын атап өтті.