Бүгін – Халықаралық шахмат күні. Бұл мерекені 1966 жылдан бастап 20 шілдеде атап өту шешімін 1924 жылы құрылған Дүниежүзі шахмат федерациясы бекіткен.
Шахмат – бір жарым мың жылғы тарихы бар зияткерлердің көне ойыны. Бүгінде ғылым, спорт, өнер салаларының белгілерін сіңірген шахмат ойыны әлем мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Ой стратегиясын шыңдайтын ойынның көшбасшылық қасиеттерді дамытатынын Елбасының өзі де белгілеген, ғылым да әлдеқашан дәлелдеген.
– Шахмат ойыны адамды жылдам ойлауға, тез шешім қабылдауға итермелейді. Оған қызыққан балалардың оқу үлгерімі де, өмірдегі пысықтығы да алда жүреді. Соңғы екі жылдың өзінде еліміздің жас шахматшылары 18 медальді жеңіп алғаны қуантарлық жағдай. Жастардың бұл бағыттағы икемін дамыту үшін сарай салуды, шахмат академиясын ашуды көздедік, - деп Н.Ә.Назарбаев астана күніне орайластырылған жедел шахмат пен блицтің әлем чемпионатында ой бөлісті. Елбасының шахмат ойынына деген ықыласын, жастар арасында жатақхана чемпионы болғанын топтасы әрі үзеңгілесі, Теміртаудың құрметті азаматы әрі металлургі Виктор Никонов та жиі айтады:
– Жас күнімізде бұл ойынды ерекше ұнатушы едік. Бірақ бүкіл жатақханада шахмат жалғыз болатын. Оның иесі өзім болған соң, сол күннің естелігі ретінде шахматты Теміртаудағы Елбасының тарихи-мәдени орталығының музейіне бердім, - дейді ол.
Атаулы мерекеге орай оқырмандар назарына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне тарту етілген шахматтардың жинағын ұсынамыз. Елбасы кітапханасының жинағындағы жәдігерлер – Ресей, Беларусь, Үндістан, Қытай және басқа да елдердің басшылары мен ресми делегациялары, сонымен бірге әлем чемпиондары, халықаралық гроссмейстерлер тарту еткен сыйлықтар. Қорда сақтаулы тұрған шахматтардың жиынтығы бірегейлігі мен қайталанбас ерекшелігімен жинақтың мәні мен мәртебесін аша түседі. Олардың мүсіншелері қазақ хандығының, викинг, моңғол, өзге де ұлт әскерлерінің кейпінде қашалып, арнайы тапсырыспен жасалған.
Мәселен, 2006 жылы Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко сыйлаған «Мәскеу түбіндегі «Бородино» шайқасы» шахматы Ресей Отан соғысының 1812 жылғы франуз әскеріне қарсы шешуші шайқасты бейнелейді. Патшадан қарапайым сарбазға дейінгі шахматтың әр мүсіні – тарихта болған шынайы кейіпкер. Олардың бет-әлпеті, қару-жарақтары мен мундирі деректермен сәйкестендіріліп, дәлме-дәл салынған. Шахмат патшалары – І Александр мен Наполеон болса, уәзірлер – М.Кутузов пен Иохим Мюрат, сондай-ақ Барклай де Толли, Багратион, Луи Николя Даву, Евгений Богарне іспетті тарихи тұлғалар келтірілген.
Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучманың сыйлығы 1600-1700 жылдардағы украин, поляк әскерлерін бейнелейді. Жасыл, қоңыр мәрмәрден жасалған шахмат украин халқының поляк корольдігіне қарсы жариялаған азат ету соғысынан сыр шертеді.
Жаңғақ ағашы мен алтыннан, жадеит, кохолонг сияқты бағалы тастардан жасалған шахматты Арменияның бұрынғы президенті Серж Саргсян табыстаған.
Сүйек пен ағаштан ойылған «Ұлы Моғол әскері» шахматын әлем чемионы Вишванатан Ананд тарту етсе, мүсіншелері қазақ халқының ұлттық нақышында орындалған ағаш шахматты әлем чемпионы А.Карпов қолтаңбасымен бірге табыстаған.
Елбасыға ыстық лебізі мен құрметін білдіргендердің қатарына шет мемлекет басшыларымен қатар ел ішіндегі қарапайым халық өкілдері де кіреді.
