Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің қызметкерлері елордалық №80 және №83 мектептердің оқушыларына «Патриотизм тарихи өткенді шолудағы ділдік ерекшелік ретінде» тақырыбында дәріс өткізді. Сабақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі...», – деген болатын Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.
Онлайн-сабақ барысында оқушылар мемлекетіміздің өткен тарихымен танысып, тәуелсіздік жолындағы күреске үңіліп, шынайы патриоттар саналатын – ұлы хандардың, батырлар мен Ұлы Отан соғысы қаһармандарының өмірбаяндарына көз жүгіртті.
Жас өспірімдерге Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жеке архивынан алынған бірегей материалдар, оның ішінде Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев және т.б. Қазақстан астанасының көшелеріне есімі берілген тарихи тұлғалардың фотосуреттері көрсетілді.
Оқушылар 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау маңында салынған Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені туралы бейнероликті қызыға тамашалады.
XVII ғасырда Есім хан туының астында туған өлкесін жат жердің басқыншыларынан қорғаған батырлардың сүйегі жерленген кесенелерге жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген адамдар, көптеген шетелдік қонақтар ат басын бұрады. Мұнда Елбасы екі рет келген.