19 қазанда Елбасы кітапханасында астанамыздағы №71 және №75 мектептердің 6-сынып оқушыларына «Патриотизм – тарихи діл ерекшелігі» дәрісі өткізілді.
Мемлекет тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мектептен тыс сабақта балалар қазақ хандары мен батырларының, Ұлы Отан соғысы қаһармандарының өмірбаянына сүйеніп, шежіреміздегі маңызды оқиғалар арқылы Қазақстанның жауынгерлік тарихымен танысты.
«Еліміздің тарихын зерделеу – тыныш өмір үшін күрескен ата-бабаларымызға ризашылық білдірудің бір амалы. Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай: «Кең байтақ қазақ даласының қай бұрышын алсаң да, тарихи тағылымға тұнып тұрған шежіре, ашылмаған сырға толы, қойнауы құт-ырыс дарыған киелі мекен екені сөзсіз», - деді дәріскер.
Балалар туған жерін басқыншылардан қорғаған қазақ билеушілері мен сарбаздары туралы дәрісті зор ықылас пен қызығушылықпен тыңдады. Дәріс арқылы олар «патриотизм», «шежіре» ұғымдарымен, «Халық қаһарманы» атағы мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасымен танысты.
«Дәріс қызық өтті. Есімі тарихқа алтын әріптермен жазылған батырлар туралы, яғни Отанымызды қорғап, мемлекет тәуелсіздігін орнатуға үлес қосқан патриоттар туралы біраз мәлімет жинадық», - деді №71 лицей-мектептің 6-сынып оқушысы Карина Меденова.