Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында сәндік-қолданбалы өнер шебері Гүлдана Жұрқабаеваның «Өзіңе жол табу» жеке көрмесі ашылды.
Шара «Үкілі үміт» жастар шығармашылығын қолдауға бағытталған көрме жобасының шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
- Гүлдана Жұрқабаеваның шығармашылық қолтаңбасы өзіндік авторлық ұстанымын үздіксіз іздену үстінде қалыптасқан. Ұлы дала номадтарының нышандары бейнелеу жолында бояу, тері, былғары секілді бұйымдарды үйлестірді», – деп атап өтті көрменің ашылу салтанатында "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы" директорының орынбасары Күләйша Ақтаева.
«Өзіңе жол табу» көрмесінде қылқалам шеберінің 40-тан астам төлтуындысы ұсынылды. Барлық жұмыстар былғары мата және акрил бояулары арқылы орындалған. Тотемизм және шаманизм тақырыптары көптеген суретшілерге жақын әрі етене таныс. Суретші тарихтағы ежелгі нышандардың мағынасын жеткізуде өзіндік қолтаңбасын көрсеткен.
- «Өзіңе жол табу» көрмесі бұрынғы көрмелерімнен өзгеше. Себебі бұл жолғы жұмысымның көпшілігі майлы бояумен бейнеленген. Осы күнге дейінгі шығармашылық қызметімде алғаш рет ішкі жан-дүниемнің бар алуандығын кенепке салуды ұйғардым. Шындығында, тек қана кенепке бар сырыңды ақтарып, ішкі сезіміңнің бар бояуын толықтай түсіруге болады. Әрбір жұмысым өзім туралы сыр шертеді. Шығармашылыққа жетелер жасампаз ойлар, таусылмайтын тіршілік, адами қарым-қатынастың арасындағы сезімдердің тұрақсыздығы – осының бәрі менің жұмыстарымда көрініс тауып, автордың монологына айналған, - деп өзінің ойымен Суретшілер одағының мүшесі Гүлдана Жұрқабаева.
«Скиф сарындары», «Дала әуені», «Өткен өмір дыбыстары», «Зодиак циклі» туындылары былғарыға және кенепке салынған. Автор көптеген жұмыстарын адамзаттың ежелгі суреттерінің әсерімен орындаған. Шебер былғары мен акрилден басқа әртүрлі сәндік элементтерді, олардың ішінде янтарь тасын, тиындарды, табиғи тастарды, моншақты, түймелерді, құс қауырсынын, жануарлардың сүйектерін кеңінен пайдаланады.
- Көз ауруына шалдыққанмын. Қоршаған әлемді басқа жандар секілді көре алмауым жан-жағыма басқаша қарауыма мүмкіндік береді. Көру шегі мен түстер бейнелерді басқаша жеткізіп, жұмыстарыма бір ерекшелік қосады. Мен үшін күрделі диагноз әлдеқашан менің өзгелерден артықшылығыма айналып үлгерді», – дейді қылқалам шебері.
2009 жылы «Алға ұмтылған Қазақстан» аймақтық көрме жобасының шеңберінде Қостанай облысының музейлері қорынан «Ұлттық мәдениет бесігі» көрмесі ұйымдастырылды. Оған Қостанай облысының мүсіншілері, суретшілері мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері өз жұмыстарын ұсынды. Олардың қатарында Гүлдана Жұрқабаева да болды. Бүгінде суретшінің 150-ге жуық шығармашылық төлтуындысы бар.
Гүлдана Жұрқабаева үлкен табандылығымен, еңбекқорлығымен және де өз ісіне деген адалдығымен ерекшеленеді. «Шабыт» сыйлығының лауреаты 2016 жылы Сан-Марино Республикасында өткен халықаралық өнер байқау-фестивалінде бірінші орынды иеленді.
Гүлдана Жұрқабаева – көп жылдық шығармашылығы барысында өзінің ауқымды әрі қайталанбас дарындылығының жаңа қырларын шыңдап келе жатқан өзіндік ерекшелігі бар суретші.Шебердің жұмыстарында өткен мен бүгіннің арасындағы ғажайып ұқсастықтар қатары ұтымды ұштасқанын аңғарамыз.
«Өзіңе жол табу» көрмесі 2017 жылдың 20 ақпанына дейін жалғасады.