Бүгін Өзбекстан кәсіподақтар федерациясының делегациясы қазақстандық әріптестерімен бірге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында келді.
Федерация төрағасы Кудратулла Рафиков бастаған шетелдік меймандардың тобы музей экспозициялрын аралап, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың еңбек жолы арқылы тәуелсіз Қазақстанның тарихымен танысты.
Келушілер музейдің техникалық жабдықтарын жоғары бағалап, ақпаратты ұсынудың заманауи әдістерін мақтады.

Қонақтар V ғасырда өмір сүрген сақ тайпасы көсемінің киіміне, яғни «Алтын адамға», сондай-ақ алғыс пен құрметтің белгісіне айналған Елбасының жоғары мемлекеттік және қоғамдық марапаттарына, шет мемлекеттер мен үкіметтердің, халықаралық ұйымдар мен қорлардың басшылары табыстаған бірегей сыйлықтарға ерекше қызығушылық танытты.. Олардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевқа 2017 жылы қос мемлекет арасындағы достық пен стратегиялық серіктестік қатынастарды нығайтуда сіңірген еңбегі үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің табыстаған «Ел-юрт Хурмати» («Ел-жұрт құрметі») ордені бар.

Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболатпен кездесуде делегация мүшелері бауырлас қазақ халқына терең ризашылық танытып, жылы лебіздерін білдірді.

«Елбасы музейін үлкен қызығушылықпен араладық. Ұлы қазақ халқына өркендей беруді тілейміз. Құрметпен, Өзбекстан Республикасы Сенатының депутаты Қудратулла Рафиков», – деп делегация басшысы музей залдарының біріндегі интерактивті қабырғаға естелік жазба қалдырды.