«ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖӘНЕ СЕНІМ ФОРУМЫ» КӨРМЕСІ

Бүгін, 12 қазанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан АӨСШК-ге қатысушы елдердің сыртқы істер министрлерінің VI кездесуі аясында «Өзара іс-қимыл және сенім форумы» көрмесі өз жұмысын бастады.

Көрменің серіктесі – АӨСШК Хатшылығы.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) – Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастыққа бағытталған халықаралық форум.

 

АӨСШК шақыру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жариялады.

1999 жылғы 14 қыркүйекте Алматыда өткен АӨСШК-ке мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің бірінші кездесуінде қабылданған АӨСШК-ке мүше мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін қағидаттар декларациясы және 2002 жылғы 4 маусымдағы бірінші саммитте қабылданған Алматы актісі ұйымның негізгі құжаттары болып саналады.

АӨСШК құқық үстемдігі, мүше мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау және экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделген саясатын жүргізеді. Кеңестің барлық шешімдері консенсус негізінде қабылданады.

Бұл ұйымға мүше болу үшін мемлекет Азияның бір бөлігіне ие болуы керек. Бүгінгі таңда АӨСШК құрлықтың аумағы мен халқының 90%-нан тұратын жиырма жеті мүше мемлекетті қамтиды. Тоғыз ел және бес халықаралық ұйым, соның ішінде БҰҰ бақылаушы мәртебесіне ие.

 

«Өзара іс-қимыл және сенім форумы» көрмесі Елбасы кітапханасы қоры мен АӨСШК Хатшылығының құжаттары мен экспонаттары әлемнің ірі бөлігінің бүкіл кеңістігіндегі өзара іс-қимыл мен сенімнің бірегей форумы ретінде ұйым институттарының қалыптасу және даму көріністерін ұсынады.

Көрменің алғашқы бөлімінде ұйымның және оның институттарының қалыптасу тарихын көруге болады.

Екінші бөлімде АӨСШК қызметінің бес өлшемі (әскери-саяси; жаңа сын-қатерлер мен қауіптер; экономикалық; адами және экологиялық) берілген.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Өзара іс-қимыл және сенім форумы» көрмесі 2021 жылғы 1 қарашаға дейін жалғасады.

Экспозиция материалдарымен https://elbasylibrary.gov.kz сайтындағы «Көрмелер» бөлімі арқылы танысуға болады.