28 мамырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шара аясында Елбасы кітапханасына «Отыз. Халық тағдыры – ел тарихы» фотоальбомы сыйға тартылды.
Басылымда тәуелсіздік алғаннан бастап қазіргі уақытқа дейінгі сирек кездесетін әрі бірегей архивтік фотосуреттер жинақталған. Отыз жылдағы ең көрнекті оқиғалардың кадрлары топтастырылған.
–Сіздер – егемен елде туған ең бақытты Тәуелсіздік құрдастарысыздар. Елбасы 2019 жылы өз өкілеттілігін тоқтатқан кезінде және Жастар жылының ашылуында: «Дербес Қазақстанның ең басты жетістігі – бұл жаңа тәуелсіз ұрпақ» деген болатын. Осы қанатты сөзді үндестірген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аға буынның міндеті – тәуелсіз елдің креативті, білімді, ақылды, табысты ұрпағы бізді күллі әлемге танытуы үшін барлық жағдайды жасау керектігін айтты, – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.
Кездесу барысында «Отыз. Халық тағдыры – ел тарихы» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті.
Іс-шараға Елбасының серіктесі, көрнекті мемлекет қайраткері, тәуелсіз Қазақстанның бірінші Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов, белгілі композитор және қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов, жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы және 100 метрге кедергілі жүгіруден әлем чемпионы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ольга Шишигина қатысты.



