Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингтерінің жаңа оқу маусымы ашылды. Оның алғашқы тыңдаушылары ретінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті (Алматы қ.) мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 46 шақты 2-4 курс студенттері болды.

Оқу курсының аясында қатысушылар Кітапхана жетекші ғылыми қызметкерлері – философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев пен тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердагулованың дәрістерін тыңдады. Тренингтер мен практикалық сабақтарды Күнсұлу Исинова, Ақбота Хамитова, Күнзия Үмбетова іспетті Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің өзге қызметкерлері де өткізді.

Оқу курсының тыңдаушыларына арнайы Елбасы кітапханасы мен Музейінде, ҚР Ұлттық музейінде экскурсиялар жүргізілді.

«Астана ЭКСПО-2017» қызметі функционалды бағытының супервайзерлері мен еріктілерінің үйлестірушісі, «Қазақстанның жастар конгресі» республикалық жастар ұйымының баспасөз хатшысы Аида Сыздықова ЭКСПО-2017 жұмысы барысында атқарылған еріктілер қызметі жайында сөз сөйледі.

Қорытындыдан кейін семинар-тренингтің қатысушыларына сертификаттар табыстау рәсімі өтті. Іс-шараны Елбасы кітапханасының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашты.

– Бүгін, аталмыш семинар-тренингтің қорытындылаушы күнінде еліміздің қос аймағынан келген жастар өздерін жоғары көрсете білді. Өз қабілеттерінің арқасында олар айлап, жылдап меңгеретін ақпаратты екі күнде игере алды. Осы орайда аспанға зер салған көздің қарашығындай «Назарбаев орталығының» ғимаратында алған білімдеріңіздің пайдаға тиетініне сенеміз. Еліміздің ертеңі жастардың қолында болғандықтан, алдыңғы буын ретінде біз сіздерге сенім мен мақтанышпен қараймыз. Биік шыңдарды бағындырып, жеңістен жеңіске жете беріңіздер, – деп Әмірхан Мұратбекұлы ізгі тілегін жолдады.
Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі «Қазақстан жолы» орталығының басшысы Гулмира Бітімшина мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті делегациясының жетекшісі Гүлмира Сәтбаева алғыс айтты.

Жаңа оқу маусымы алғашқы семинар-тренингінің тыңдаушылары өз әсерлерімен бөлісті.

– Елордада бұрын-соңды болмағандығымнан, Астанаға алғашқы сапарымның семинар-тренингке қатысудан басталғанына қуаныштымын. Оқу курстарынан тың ақпарат пен терең әсер алдым. Оның барысында Елбасы кітапханасының жәдігерлерімен танысып, Мемлекет басшысының әлемдегі рөліне үңілдік. Елбасының идеялары мен бастамаларының арқасында Қазақстан көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып, әлемдік ірі державалар арасында танымалдыққа ие болды. Сол себепті де еліміз бен Президентіміз туралы ойласам, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Өзім болашақ педагог болғандығымнан, өскелең ұрпақты елжандылық пен отансүйгіштік рухында тәрбиелеуде Елбасы кітапханасында алған білімімнің көмектесетініне сенемін, – деп Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Динара Ашабай бөлісті.

– Мен Елбасы кітапханасында ұйымдастырылып жатқан семинар-тренингтерге екінші рет қатысып отырмын. Олардың биылғы бағдарламасы да бұрынғыдай қызықты, әрі мазмұнды. Мұнда өтіп жатқан дәрістер, семинарлар мен тренингтер тұлғаның, көшбасшылық қасиеттердің ілгері дамуына көп ақпарат береді. Олардың барысында өткен жылы алған білім мен дағдылардың арқасында өз университетімнің студенттік ректоры атандым. Елбасы кітапханасына келгенімнен бір жарым жылдай уақыт өтсе де, тың жәдігірелерді, жаңа көрмелерді көріп тағы да таң қалдым. Осындай оқу курстарын ұйымдастырғаны үшін Елбасы кітапханасына алғысымызды айтып, оларға қатысу мүмкіндігін берген ректоратымызға ризашылығымызды білдіреміз, – деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 3 курс студенті Жасұлан Мейірханұлы.
Іс-шара барысында жастар флешмоб орындап, көпшілік назарына музыкалық нөмірлер мен әзіл-сықақ қойылымдар ұсынды.

Сертификаттармен бірге студенттер мен делегация жетекшілеріне «Біздің Президент», «Мысль материальна», «Президент және Астана ЭКСПО-2017» кітаптары тарту етілді. Елбасы кітапханасының кітап қоры өз кезегінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті табыстаған жаңа кітаптармен толықты.

Естеріңізге салсақ, «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» курсы бойынша оқыту жұмыстары 2017 жылдың ақпанынан бастап жүргізіледі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жаһандық бастамалары мен тұжырымдамалық идеяларын зерттеуге бағытталған семинар-тренингтер Елбасы кітапханасында 2015 жылдың қазанынан бері өткізіліп келеді. 2,5 жылдың ішінде жоба 4 675 адамды қамтып үлгерді. Олардың қатарында жоғарғы оқу орындарының мұғалімдері мен студенттері, мектеп ұстаздары мен оқушылары, мемлекеттік қызметкерлер, құқыққорғау органдарының өкілдері, әскери қызметкерлер бар.
