«ОТАН ҮШІН!»: КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ

Отан үшін отқа түсіп, су кешкен жауынгерлер туралы бірі білсе, бірі білмес. Десе де бейбіт күнде өмір сүріп жатқан ұрпақ үшін кеудесін оққа тосқан батырлар туралы  білу аздық етеді, оларды дәріптеу де маңызды. Қожабай Жазықов, Сұлтан Баймағамбетов, Төлеген Тоқтаров, Ағаділ Сухамбаев, Әбу Досмұхамбетов, Жәлел Қизатұлы, Нағи Ілиясов пен Леонид Беда сынды Кеңес Одағының батыры атты Жоғары мемлекеттік марапатқа ие болған жауынгерлер туралы біраз ой тарқатсақ деп едік.

Қазақстандық Кеңес Одағының батырлары – ең жоғары мемлекеттік марапатқа ие болған жауынгерлер деп саналады. Қожабай Жазықов Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, гвардия лейтенанты, барлаушылар взводының командирі. Екінші дүниежүзілік соғысқа алғаш рет қатысқан сәтінде Волье деревнясы маңында жаудың шегініп бара жатқан бөлімдеріне тосқауыл жасап, немістің 120 әскері мен офицерін жойды. 1944 жылы Яссы қаласы маңында (Румыния) Жазықовтың барлаушылары 60-қа жуық гитлершіні тұтқындаған. Жазықов жетекішілік ететін барлаушылар Киш-Орош, Тотфалу, Сигети-оноштар деревняларын алып, Дунай өзенінің ортасын түгелдей жау қолынан азат еткен. 25 гвардиялық атқыштар дивизиясы 22 жеке гвардиялық барлаушылар ротасының взвод командирі Жазықовтың ерлігі мен тапқырлығы үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен оған 1945 жылдың төртінші айында Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Қазіргі Санкт-Петербург сол замандағы Ленинград түбінде  болған ұрыстарда 50-ден аса дұшпанның көзін жойған, алдымен мергендер кейін пулеметшілер бөлімшесінде қызмет еткен Сұлтан Баймағамбетов әсіресе Ленинград үшін күресте ерен ерлігімен танылды. Ол Ленинград майданының 67 армиясында борышын өтеп, 147 атқыштар полкінде пулемет бөлімшесінің командирі атанды. Өкінішке орай ержүрек батыр 1943 жылы шілде айында қиян-кескі шайқаста жау дзотын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапты, ал 1944 жылы Баймағамбетовке Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Бүгінде Сұлтан Баймағамбетовтің дүниеге келген аймағы Қостанай облысында екі көшеге аты беріліп, Қояндыағаш ауданына ескерткіш орнатылған.

Соғыс қарсаңында Риддер қаласы маңында орналасқан қорғасын зауытында жұмысшы болып, кейіннен Ұлы Отан соғысына қатысып, өшпес ерлік жасаған «Жас қазақ» Төлеген Тоқтаровтың есімі баршаға аян. Ол 1941 жылы Калинин майданы 3 екпінді 8 гвардиялық атқыштар дивизиясы 1075 полкі құрамында Ұлы Отан соғысында шайқасты. Сол тұста дивизиядан шыққан «Отан үшін» атты майдан басылымы ержүрек қазақ автоматшысының бір тәулік ішінде жаудың 150-ден астам жауынгері мен офицерінің көзін жойғанын жазады. Қырағы да батыл Төлеген талай рет дивизияны майдан алаңына бастап барған. Әсіресе оның 1942 жылы Бородино ауылы үшін болған ұрыста ротаны батыл шабуыл бастағаны жарыса жазылды. Қаһарман батыр Төлеген Тоқтаровтың ерлігі барша Кеңес Одағына кеңінен тарады. Оған композитор Р.Елебеков «Жас қазақ» ән-реквиемін арнаса, ақын Н.Баймұратов 1945 жылы «Ер Төлеген» дастанын жазды. Төлеген Тоқтаров майдан шебінде ерлікпен қаза тапқаннан кейін, 1943 жылы оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Беларусияны, Литваны, Польшаны азат етудегі шайқастарға қатысып, «Стжельцовизна» деген поляк деревнясы үшін болған ұрыста Александр Матросовтың ерлігін қайталап, пулеметті өз денесімен жапқан Сухамбаев Ағаділ небәрі 24 жасында дүниеден озды. Десе де оның қаһармандығы ұмыт болған жоқ. Оған 1945 жылы Кеңес Одағының батыры атағы, өзі туған колхоздағы мектепке есімі берілді, ескерткіш орнатылды. Аз ғана ғұмырында Ағаділ Сухамбаев Отан үшін асқан ерлік танытып кетті. Ал Чернобыль саябағында бюст орнатылған, екінші дүниежүзілік соғыста Днепр маңындағы шайқаста көзге түскен батыр Әбу Досмұхамедов майдан шебінде аға лейтенант, атқыштар ротасының командирі атанды. Ұрыс алаңына шықпай тұрып Досмұхамедов 1939 жылдың қыркүйегінде Кеңес әскері қатарына шақырылған соң полк мектебін үздік тәмамдайды, артынша лейтенант атағын алады. Екінші дүниежүзілік соғыста Киев қаласынан солтүстікке Днепр өзеніне өту кезінде Досмұхамедов ротасымен шабуыл жасап, жауды кейін шегіндіреді. Сол жылдың қазанында майдан шебінде ерлікпен қаза тапты. Дәл сол жылы Кеңес Одағының батыры атанды.

Одесса, Керчь, Сталинградты қорғау, Беларусия, Одесса, Сталинград, Қырым майданында сондай-ақ Украина, Польша мен Беларусияны жау қолынан азат етуде ерлік көрсетіп, Германия жерінде соғысқан Жәлел Қизатов - еңбек және соғыс ардагері, Кеңес Одағының батыры. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған бозбала 1942 жылы 154 гвардиялық артиллерия полктың взвод командирі болды. Қизатов 1944 жылы Днепр өзені үшін болған шайқаста асқан ерлік танытып, оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Соғысты майор дәрежесінде аяқтап, елге аман оралып,  әскери қызмет пен өндіріс саласында ел игілігі үшін қызмет жасады. Жәлел Қизатұлы Қызылорда облысының экономикасының дамуына ат салысып, ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіп саласына айтарлықтай үлес қосқанын айта кету керек. Әсіресе Арал теңізі мәселесін мемлекеттік деңгейге көтеріп, талқылады. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен т.б белді ордендермен марапатталған батыр 1999 жылы өмірден өтті.

Орта Азия мемлекеттік университетін тәмамдап, кейін өзі туған Қызылорда облысындағы ауылда неміс тілі мен тарих пәнінен сабақ берген Нағи Ілиясов Кеңес әскері қатарына 1942 жылы шақырылған. Ұлы Отан соғысында Элиста, Ростов, Донбасс, Киев пен Житомир қаласын азат етудегі шайқастарға қатысады. Будапешт (Венгрия) қаласын азат етуде көрсеткен ерлігі үшін Ілиясовқа 1945 жылы Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қатар табысталды. Елге оралған соң Нағи Ілиясов ауыл шаруашылық саласында еңбек етіп, басшылықта қызмет атқарды. 1987 жылы Қызылорда облысында өмірден өтті.

Чкаловский әскери авиациялық ұшқыштар мектебін тәмамдап, 1942 жылы майдан қатарына алынған Леонид Беда Қазақстан тумасы. Ол 1942 жылдан 1943 жылға дейін ұшқыш, аға ұшқыш, командир болды. 1944 жылы жалпы есепте 109 рет жауға қарсы көкке көтерілген. 1944 жылы шайқас алаңында танытқан ерлігі үшін Бедаға Кеңес Одағының батыры және Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» қатар табысталды. Ол Сталинград, Украина, Донбасс, Қырым, Литва үшін шайқаста ерлік танытты. Соғыста жалпы 214 рет көкке көтерілген. Соғыс аяқталғаннан кейін Қазақстанға келіп, авиация саласында белді еңбек етіп, жас ұшқыштарды тәрбиелеп, Қазақстан авиациясын дамытуда айтарлықтай еңбек сіңірді. Кеңес Одағының батыры 1976 жылы өмірден озды.

Бұл Кеңес Одағы батыры жоғары мемлекеттік марапатын алып, Отан үшін аянбай жау шебінде кеудесін оққа тоқсан батырлардың аз ғана парасы. Бірақ майдан алаңында қаза тапқан әр боздақтың Отан алдындағы еңбегі өлшеусіз. Батыр отандастарымызды тек Жеңіс күні қарсаңында емес, әрдайым еске тұтып, осынау алағай шақтарда олардың ерлігі мен табандылығынан күш алып, өрістей түсуіміз керек-ақ