ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ӨҢІРЛІК ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ ЖАҢА СЫН-ҚАТЕРЛЕРІ МЕН ӘДІСТЕРІН САРАПШЫЛАР АСТАНАДА ТАЛҚЫЛАДЫ

2018 жылғы 26 қазанда Елбасы кітапханасының талдаушылары «Орталық өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің жаңа сын-қатерлері мен әдістері» атты аймақтық конференцияға қатысты.

Аталған шараны ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисі, Орталық Азиядағы Фридрих Эберт атындағы қор, Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесі (ҚХҚК), Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институты және «Қоғамдық пікір» зерттеу институты ұйымдастырды.

Іс-шараға ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо, ҚХҚК және «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасы, саясаттанушы Ерлан Қарин, Фридрих Эберт атындағы Қордың Қазақстан және Өзбекстандағы аймақтық директоры  Хенриетте Кифер, Дипломатия институтының директоры Мариан Әбішева қатысты. Отандық және шетелдік сарапшылар ретінде Азия зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, саясаттанушы Константин Сыроежкин, Қазақстанның Интернет қауымдастығының басшысы Шавкат Сабиров, Орталық Азия стратегиялық зерттеулер институтының директоры Анна Гусарова, ШЫҰ-ының 2010-2012 жылдардағы Бас хатшысы, Қырғызстанның 1991-1992 және 1997-2002 жылдардағы Сыртқы істер министрі Мұратбек Иманәлиев, «Ма´no» зерттеулер бастамалары орталығының директоры Бахтиер Эргашев, Ауғанстан бойынша сарапшы Александр Князев және тағы басқалары қатысты.

Сарапшылар «Институционалдық өлшем: Орталық Азиядағы қауіпсіздік бойынша өңірлік ұйымдардың ынтымақтастығын қалай күшейтуге болады», «Жастардың радикалдануы: оны қалай тез арада тоқтатуға болады», «Интернетті террористік мақсаттарда пайдалануға тосқауыл қоюу», «Шетелдік содырлардың оралуы: ықпалдастықтың мүмкіндіктері бар ма?» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Халықаралық ғылыми жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Осман Досов «Жекеменшік әскери компаниялар, жалшылық, халықаралық террористік ұйымдардың шетелдік содырлары: шектеу, қауіптері және салдары» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада көтерілген мәселенің өзектілігіне қатысушылар қызығушылық танытты және маңыздылығын атады, сондай-ақ сарапшылар баяндаманың бірқатар қырларын талқылап, мәселені одан әрі зерделеу бойынша ұсынымдар берді.