Орталық Азиядағы көші-қон: түйткілдер мен сындарлы шешімдер

Бүгін Елбасының кітапханасында «Көші-қонның әлеуметтік және экономикалық әсері: мигранттардың осалдығы жəне Орталық Азияда (ре) интеграцияның қажеттігі» тақырыбында жоғары деңгейдегі сарапшылардың өңірлік дөңгелек үстелі басталды. Оған Алматы процесіне мүше елдердің орталық мемлекеттік мекемелері өкілдері мен жетекші сарапшылары, халықаралық ұйымдардың және шетелдік елшіліктердің өкілдері, талдау құрылымдары мен ведомстволардың қызметкерлері, көші-қон мәселесін зерттеушілер қатысты.

0U3A8064

ХКҚҰ «Орталық Азиядағы аралас көші-қонға әлеуетті нығайту арқылы әрекет ету» бағдарламасы аясындағы келелі жиынды Елбасы кітапханасы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның (ХКҚҰ) Орталық Азиядағы Субөңірлік үйлестіру кеңсесімен бірлесе ұйымдастырды.

Екі күнге жоспарланған басқосудың басты мақсаты – Орталық Азияда және жалпы өңірдегі аралас көші-қонға байланысты күрделі мәселелердің шешімін табуда Алматы процесіне қатысушы мемлекеттердің әлеуетін нығайту.

0U3A8033

Келелі жиынды ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов көші-қон мәселесін реттеудің маңыздылығына тоқталды. «Басты міндет – Орталық Азиядағы және жалпы өңірдегі күрделі көші-қон қарқынына және аралас миграциялық ағындарға байланысты туындайтын түйткілдерді тарқатуда өңіраралық сұхбатты және ынтымақтастықты нығайту, ұлттық заңнамалық қорларды жетілдіру. Біз мәселені бірлесе шешіп, мемлекеттеріміздің арасында байланыс көпірін орнатуымыз қажет», - деп сөзін түйіндеді Тимур Төлегенұлы.

0U3A8037

Елбасы кітапханасы көші-қон мәселелері бойынша сарапшылық алаңға айналды. Орталық Азиядағы ХКҚҰ үйлестірушісі - Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан және Өзбекстан ХКҚҰ миссиясының басшысы Деян Кесеровичтің пікірі осыған саяды. «2016 жылдың қыркүйегінде Елбасы кітапханасында Алматы процесі жоғары лауазымды тұлғаларының кездесуі өтіп, маңызды ұсыныстар мен кеңестер ортаға салынды. Меніңше, бұл мәселе өңірлік деңгейде ғана емес, әрбір мемлекетте, облыста кеңінен талқылануы тиіс», - деді ол.

Дөңгелек үстел барысында адамдардың мобильділігі, мигранттар мен босқындар арасындағы осал санаттардың құқықтары, көші-қон заңнамаларындағы кемшін тұстар, кәмелеттік жасқа толмаған және нәзік жанды мигранттардың қажеттіліктері және аймақтық ынтымақтастық мәселелері қаузалды.

0U3A8058

ХКҚҰ Алматыдағы кеңсесінің басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестірушінің орынбасары Татьяна Хаджиэммануэльді экономикалық тұрғыда осал мигранттардың көбейгені алаңдатады.

- Ресейге қайта кіру құқығынан айрылған мигранттар туған жерлеріне оралуға мәжбүр. Заңнамалық тұрғыда бекітілген ереже Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің тұрғындарына елеулі әсер етті. Олар жақсы жалақыдан және өздерінің отбасын асырау мүмкіндігінен айырылды. Оның кебін кигендер арасында біздің ұйымға жүгінгендер бар. Қырғызстан бойынша 35, Тәжікстанда 44 жағдай тіркелді, - деп ол мәселені тергіштеді.

Өзбекстаннан басқа мемлекеттерге бет алған жұмысшы мигранттардың дені құрылыс саласында, тамақ өнеркәсібінде немесе такси қызметінде тер төгеді. Олардың 1 миллионға жуығы елімізде тер төгеді.

- Еліміздің еңбек нарығындағы жағдай жастарды шеттен жұмыс іздеуге мәжбүрлейді. Олар үшін Ресей жоғары жалақымен тартымды. Егер 1990 жылдары этникалық орыстар сыртқа ағылса, бүгінде өзбектердің жұмысшы мигрант атанатыны байқалып отыр. Олардың арасында әйелдердің саны басым. Жалпы жұмысшы мигранттардың кірісі есебінен еліміз ІЖӨ-нің 5% қамтамасыз етіледі, - деп мәселенің мән-жайын «Караван знаний» үкіметтік емес зерттеу институтының директоры Фарход Толипов.

Айыр қалпақты ағайындарды ішкі көші-қон әбігерлейді. Қырғызстан аумағының 95 пайызын таулы аймақтар құрайды. Оларды мекендейтін тұрғындар жазықтыққа үдере көшуде.

- Оның салдарынан қалалар аумағында тұрғын үйлер ауданы бой көтеріп, қалаларға қосымша жүктеме түседі. 2050 жылға қарай еліміздегі демографияның қарқыны ұлғаятыны болжанып отыр. Бүгінде халықтың саны 6 миллион 200 мыңды құрайды. Еңбекке қабілетті адамдардың саны 7% артқан. Ал макроэкономикалық өсім тек 3 пайызды құрайды. Жұмыссыздық деңгейінің ұлғаюы да көші-қон үрдісіне әсерін тигізеді. Бүгінде 100 мың қырғыз Қазақстанда, 600 мыңы Ресейде еңбек етеді, - деп мәселені Қырғыз Республикасы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Данияр Бакчиев зерделеді.

0U3A8061

Мигранттар өздерінің құқықтарын қорғай алмайды. Олар білмеудің салдарынан ұсынылатын медициналық көмектен қағылып, арагідік жұмыс берушімен еңбек шартын жасауға асықпайды. Бұл - түсіндіру жұмыстарын жүргізуге селқостық танытудың кесірі. Сарапшылардың пайымдауынша, мигранттардың саны бойынша көш бастайтын мемлекеттер халыққа заңды кеңес беруі тиіс.

0U3A8185

Бүгін басталған дөңгелек үстел ертең жалғасын табады. Жиынға қатысушылар Орталық Азиядан шыққан жұмысшы мигранттардың құқықтық және әлеуметтік-экономикалық осалдығы бойынша нақты ұсыныстарды алға тартпақ.