ОРТАҚ КЕЛЕШЕК ҮШІН

Бүгін «Болашақ өзіңнен басталады» атты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының екі күндік вебинарында Орал мен Қарағанды қалаларының жастары бас қосты.

Іс-шараны Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова ашты:

– Әлемді шарпыған індеттің тұсында игі дәстүрге айналған семинар-тренингтерімізді биыл «Teams» платформасына көшірген едік. Жаңа оқу жылында вебинарлар маусымын бірінші болып Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері ашып отыр. Елбасы кітапханасының өкілдері қашықтан дәріс оқып қана қоймай, интерактивті жаттығулардың көз еліктірер үлгісінде жастарды рухани, мәдени тұрғыда сусындатып, бойларына тән игі қасиеттерді нығайта түсуге мүдделі. Себебі ұлт тарихына қызығушылық білдіріп, ел ертеңіне алаңдаушылық танытатын белсенді жастарға халықтың артып жатқан үміті зор. Дәл осы үмітпен Елбасы кітапханасы да ортақ келешегіміз үшін өскелең ұрпаққа пайдасы мен септігін тигізуді көздейді, - деді ол.

– Қолымызға тиген мәлімет терең мазмұнымен қуантты. Қатаң шаралар сақталуы тиіс сын сағатта бұл ақпаратқа интернеттің көмегімен қол жеткізіп жатқанымыз – расында да қуантарлық жағдай. Бұрын-соңды еш жерде ұсынылмаған тың деректермен білім көкжиегін кеңейтуге септіктес болған Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне алғысымызды айтқымыз келеді. Вебинар барысында өзге мемлекеттермен терезесі теңескен елімізді жаңа деңгейге көтеруге ынталанбау қиын, - деп лебізін Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ студенті Гүлшат Қожатаева білдірді.

 

 

Қатысушылар «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция» тақырыбында Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлерінің дәрісін тыңдады. Тапсырмаларды орындауда олар пікірлерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасты. Екі күндік оқу курсын тәмамдағанын растайтын сертификаттар тыңдаушыларға пошта арқылы жіберілмек.