«OPEN SPACE» ФОРМАТЫНДАҒЫ «ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРЫ» АЙМАҚТЫҚ КӘСІБИ СЕССИЯСЫ АШЫЛДЫ

2018 жылдың 17 қыркүйегінде Ғ. Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында музей, архив және кітапхана салаларының қызметкерлеріне арналған «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессиясы ашылды. Сессия Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Іс-шараның модераторы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов өз сөзінде:

Аймақтық кәсіби сессия Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өткізіліп отыр. Іс-шараның басты мақсаты – мәдени мұраларымызды рухани жаңғыру міндеттері тұрғысында зерттеу және насихаттау бойынша тәжірибе алмасу және кітапхана, архив, музей қызметіндегі ақпараттық технологиялардың дамуымен байланысты өзекті мәселелерді талқылау, – деп атап өтті.

Әмірхан Мұратбекұлы Ғ. Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Қадиша Қабиеваға іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбековтің атынан алғыс хат табыс етті.

Атырау облысындағы Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасының қатысушыларына сөз арнаған Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова:

– Бір ай бойы іс-шаралар кешенін өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілді. Атырауға 200-ден астам адам ат басын бұрды. Олардың қатарында Елбасы кітапханасының қызметкерлері, ҚР Мемлекеттік Күзет қызметі Президенттік оркестрінің музыканттары бар. Біздің өңірдің тұрғындары Елбасы кітапханасының құнды дүниелерін тамашалай алады, – деді.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева Кітапхананың ақпараттық қызметтерінің басты бағыттары мен инновациялық әдістеріне тоқталды:

– Бүгінгі сессия кәсіби пікір алмасудың тиімді жолы екені сөзсіз. «Ашық кеңістік» форматы кітапхана, архив және музей салаларындағы заманауи технологиялармен танысуға мүмкіндік береді.

Пленарлық мәжілістен кейін кәсіби сессияның жұмысы «Музей» автоматтандырылған жүйесінің деректері негізінде музей қорының ғылыми зерттеулері ұсынылып, слайд көрсетілімдерімен «ашық кеңістік» форматында өтетін топтарда жалғасты.

Елбасы кітапханасы Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің сарапшысы Арайлым Ержанова өз баяндамасында музей қорының ерекшеліктері мен Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің «Музей жинақтары» ғылыми-қор музейтану бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы зерттеу жұмыстарының негізгі қорытындылары жөнінде баяндады.

«Музей жинақтары» бағдарламасының мақсаты музей жинақтарын кешенді зерттеу, оның ғылыми, мәдени және репрезентативті әлеуетін ашу, музейтану зерттеулерінің нәтижелерін жинақтау мен насихаттау болып табылады. Бағдарлама «Бір жәдігердің тарихы», «Музей топтамасы» жобаларын қамтиды. «Музей топтамасы» жобасы барлық музей топтамаларының сапалық құрамы бойынша ғылыми-анықтамалық ақпаратты тұрақты түрде қалыптасытырып отырады. Деректер мен зерттеу әдебиетінің барлық түрлері топтамалар бойынша библиографиялық нұсқаулықтарға жүйеленеді. Зерттеулердің практикалық нәтижелері алғашында экспонаттың тақырыптық тобын анықтау үшін ғылыми-анықтамалық ақпаратта (экспликациялар, аннотациялар, этикеткалар және т.б.) ұсынылады. Одан әрі топтаманың  техникасы, материалы мен тақырыптық бағытына байланысты тұрақты реэкспозиция немесе көшпелі көрмеге негіз болатын уақытша тақырыптық көрмелер қалыптастырылады.

«Бір жәдігердің тарихы», «Музей топтамасы» жобаларын жүзеге асыру аясындағы Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің зерттеу жұмыстарының нәтижелері тыңдаушыларға ерекше әсер қалдырғаны сондай баяндамашыға көптеген сұрақтар қойылды.

Сессияның жұмысына музей, кітапхана және архив, өңірдің мәдениет және білім беру мекемелерінің қызметкерлері, ЖОО профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, колледж бен мектеп оқушылары, магистранттар қатысты. Сессияға қатысушылар шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы барысында кәсіби пікір алмасқандары үшін зор алғыстарын білдірді.