«ӨНЕР – MUSE» АТТЫ ЖЕКЕ КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасында суретші, педагог, ҚР суретшілер Одағының мүшесі, ҚР дизайнерлер Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» Алтыншаш Алпысбаеваның «Өнер – muse» атты жеке көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

Іс-шара Кітапхананың «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» атты жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

«Бүгінгі көрмені көктемнің ең жарқын мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ашып отырғанымыздың символдық мәні бар. Автордың суреттерінде әйел тақырыбы, оның қоғамдағы орны мен рөлі өткенімізді, бүгінімізді, болашағымызды, салт-дәстүр сабақтастығын және ұлттық мәдениетті сақтауды философиялық тұрғыдан түсіну контексінде көрініс тапқан», – деді Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат

«Өнер – muse» көрмесінде А. Алпысбаеваның 60 астам көркем кескіндемелері ұсынылды. 

«Мен бүкіл өмірімді шығармашылыққа арнауға дайынмын. Айналадағы әлемнен шабыт алып, оны суреттерімде жеткізуге тырысамын. Менің туындыларым өздері үшін айтатынына сенімдімін», - деді жиналғандарға алғысын білдірген көрме авторы Алтыншаш Алпысбаева.

Суретшінің ерекше шығармашылық әдісі бар, ол әртүрлі техниканы қолданады, әртүрлі тақырыптарды жасайды және дамытады, бірегей өнер туындыларын жасау үшін интуицияны қосады. Cондай-ақ қазақстандық қоғам өмірінің әртүрлі жақтарын қозғайтын және әлемді жаңарту мен үйлестіру идеясын білдіретін өзіндік аңыздық бейнелер жасайды.

Көрме авторы 30 жылдан астам уақыт бойы шығармашылық жұмыспен белсенді айналысады, оның кескіндемелері музейлердің қорларында және әртүрлі елдердің жеке коллекцияларында сақтаулы. Ол «Жігер-2001» жас суретшілерінің байқауына (Алматы қ.), ҚР-ның Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған заманауи суретшілер мен мүсіншілердің көрмелеріне қатысты (Астана қ., 2002). «Шабыт» халықаралық фестивалінің дипломанты (2000, 2002). Жақын және алыс шетелдердің халықаралық көрмелеріне, (2003-2011) республикалық және халықаралық симпозиумдарға қатысушы (2008, 2011, 2014). 2020 жылы Кипрде өткен халықаралық симпозиумға қатысып, «Күміс кілттің» иегері атанды. Автордың еңбектері «Астана суретшілері» жинағына, «Қазақстан өнері» бес томдық энциклопедиясына енді.