ӨНЕР АЗАМАТТАРЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Елбасы кітапханасына еліміздегі мәдениет және өнер саласының еңбек сіңірген қайраткерлері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы әртістері келді. Олардың қатарында әнші, музыка педагогы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, «Шалқыма» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Әбдірасул Есекеев, әнші, классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Арайлым Рахымқызы, әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі Алтынай Жорабаева, танымал жұлдыз Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат пен Светлана Айтбаевтар, филармонияның солисі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Әкімхан Мәженов, т.б бар.

Оларды ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат қарсы алды.

Эстрада жұлдыздары жаңа музей ғимаратының экспозициялары мен интерактивті, мультимедиялық технологияларын жоғары бағалап, пікір бөлісті:

– Кешеннің жаңа ғимараты сәулетімен де, мазмұнымен де қызықтыратыны сөзсіз. Музейдің көпшілік назарына ұсынып отырған жәдігерлері жас мемлекетіміздің бой көтеру кезеңдерінен сыр шертіп, өскелең ұрпақты да, аға буынды да жаңа деректермен сусындатады. Осы тұрғыда Елбасы кітапханасы атқарып жатқан жұмыстың тарихта қалатын абыройлы іс екенін айтқым келеді, - деді Майра Ілиясова.

– Шыны керек, музей аралауда мұндай әсерді бұрын-соңды алмаппын. Миымның тынығып, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп тұрғаны соншалық, танымдық экскурсиядан соң еліміздің әр азаматы бұл жермен танысып көруі тиіс деген ой түйдім. Керемет! - деді Алтынай Жорабаева.

– Қазақстанның қалыптасу жолындағы тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихы бір тұлғаның айналасына шоғырланғаны орынды заңдылық. Адам өмірінің өлшемімен біраз уақыт болып көрінгенімен, 30 жыл –  тарих тұрғысынан қас-қағым ғана сәт. Қысқа уақыттың ішінде өрбіген тағдыршешті оқиғалардың маңыздылығы мен мәні көз алдымызда жүйелі тізбекпен, кәсіби шеберлікпен келтіріле қалды. Осы тұрғыда музей төріндегі экспозициялардың мүмкіндіктері таң қалдырмай қоймайды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған технологиялардың көмегімен тарихтың мәңгіге сақталып, өскелең ұрпақтың тарихи, рухани, мәдени тағылымға қол жеткізе алатыны бізді қатты қуантады, - деді Қанат Айтбаев.

Меймандар Кітапхана басшылығы мен қызметкерлеріне зор ризашылығын білдірді.

– Тарихымыз бен рухани шежіремізге қызыққан жандарға Елбасы кітапханасының есігі әрдайым ашық. Олардың қатарына бүгін ел азаматтарының қосылып жатқаны ұжымымыз үшін үлкен абырой. Халық игілігі үшін атқаратын міндетіміз бір болған соң, өнер майталмандарының жауапты ісіне деген құрметіміз де ерекше. Тұңғыш Президентіміз де мәдениетті құнды жәдігерлік деп белгілеп, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші — зиялы қауым екенін әрдайым айтады. Себебі, әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. «Мәдениеттің өзекті бөлігі – өнер», - дейді Елбасы, – «Өнер –мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды». Сондықтан біз сіздерге өнерлеріңіздің өрге жүзіп, еңбектеріңіз жана беруін тілейміз! – деп Бақытжан Берікбайұлы қонақтарға естелік сыйлықтарды тарту етті.