Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында «Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі ашылды және пошта маркаларын қалыптау рәсімі өтті. Жаңа экспозиция Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің 25 жылдығына арналған. Елбасының кітапханасының әріптестік жоба аясында ұйымдастырылған көрме ҚР ҰОК мерейтойлық іс-шаралар топтамасын бастауына айналып отыр.

Көрменің ашылу салтанатына еліміздің атақты спортшылары Жақсылық Үшкемпіров, Гюзель Манюрова, Бахтияр Артаев және зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысты.
Көпшіліктің назарына ұсынылған тарихи құжаттар мен жәдігерлер отандық спорттың жеңістері мен жетістіктері тарихымен таныстырады.
– Ағымдағы жыл айтулы күндер мен оқиғалар толы. Екі апта бұрын елордамыздың Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналған көрме ашылды. Бүгінгі экспозиция Қазақстандағы ұлттық олимпиадалық қозғалыстың 25 жылдағы жетістіктерін паш етеді. Мемлекет басшысы егемендігімізді алған сәттен бастап спортшылардың алдына үлкен міндет қойды. Бүгінгі таңда саңлақ спортшыларымыз еліміздің көк байрағын әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелерде желбіретуде. Қазақстан Олимпиада ойындарының барлық түріне қатысады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірінші медальдарды иеленген спортшыларымызға алғысымды білдіремін. Олардың жеңіс жолында төккен маңдай тері бүгінгі көрмеде паш етілмек», - деп атап өтті көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков.
1992 жылы еліміз Халықаралық Олимпиада комитетінің 192 мүшесіне айналды. Қазақстан олимпиадалық қозғалыстың дербес мүшесіне айналып, дүбірлі додада мемлекеттік туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалды. Оған Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қосқан үлесі сүбелі.

«Биыл ҚР ҰОҚ айтулы белесті – 25 жылдықты атап өтуде. Оның аясында мерекелік іс-шаралар өткізу жоспарланған. Біз көптеген шетелдік қонақтарды, олимпиадалық қозғалыс қатысушыларын, қазақстандық ардагерлерді шақырамыз. Бірінші кезекте осы көрмені ашуға мүмкіндік жасаған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының басшылығына алғысымды білдіремін. Кітапхана музейіне жасөспірімдердің жиі келетіні біз үшін жағымды жаңалық болды. Бұл қазақстандық спорттың, біздің олимпиадалық қозғалыстың насихатталуына жол ашады», - деп көрменің маңыздылығына ҚР ҰОҚ Бас хатшысы Данияр Абылғазин тоқталды.
Спорт және спорттық жетістіктер – мәдениеттің және әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігі. Қазақстан Республикасында спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Қазақ спортының қаһарманы атанған Жақсылық Үшкемпіров спорт мектебінің шәкірттеріне ақжолтай тілегін білдірді:

«Тәуелсіздіктің салтанат құруымен талантты жас спортшылардың тобы өсті. Мәселен, осы жерде тұрған Бахтияр Әртаев, Гюзель Манюрова жастарға үлгі болып табылады».
Көрмеден алған әсерімен Афинадағы Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев бөлісті: «Сөз жоқ, бұл көрме өзекті. Мемлекет басшысы жұмыс істеген резиденцияда спортшылар үшін айрықша маңызды марапаттар: спорттық медальдар, кубоктар ұсынылған. Бұл өте маңызды, себебі шет мемлекеттерден, еліміздің басқа өңірлерінен келген қонақтар біздің тарихымызбен, біздің жетістіктерімізбен танысады».

«Олимпиадалық қозғалыс» көрмесінде Қазақстанның спорттағы жетістіктерінің тарихына терең үңілуге мүмкіндік беретін қазақстандық чемпиондардың спорттық олжаларының үлкен топтамасы, Ұлттық Олимпиада Комитеті президенттерінің жеке коллекцияларындағы заттар мен мұрағат материалдары алғаш рет ұсынылады. ҚР ҰОК барлық президенттері А.С. Ақпаев (1992–2002 жж.), Т.К. Досымбетов (2002–2006 жж.), Т.М. Досмұхамбетов (2006–2015 жж.), Т.А. Құлыбаевтар (2015 жылдан) жинақтаған бірегей жәдігерлер арқылы спорттағы айтулы жеңістердің хронологиясымен танысуға болады.
Интерактивті бөліктерде саңлақ спортшылармен естелік фотосуреттер жасауға мүмкіндік береді. «Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі 2017 жылдың 2 мамырына дейін жалғасады.