ОЛЬГА ЧАВКИНА: «БҰЛ ӨМІРДЕ ӨЗ ҚОРҚЫНЫШЫН, ЖАЛҚАУЛЫҒЫН, СЕНІМСІЗДІГІН ЖЕҢГЕН АДАМ ҒАНА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕДІ»

Елбасы кітапханасы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының тағы бір жеңімпазымен таныстырады. Ол – суретші Ольга Чавкина. Өскенмендік  Ольга Чавкина бүгінде «Perfomance» арт-студиясының жетекшісі, қазіргі заманғы көрмелер мен экспозициялардың ұйымдастырушысы және қатысушысы, жастар мәслихатының депутаты, қоғам қайраткері, волонтер.

Ес білгелі Ольга қылқаламға құмартып өседі. Ол 6 жастан бастап айналасына зер салып, сол сұлулықты қағаз бетіне түсіруге талпынады. Суретші болуды армандаған бойжеткен туған жері мен бүкіл Қазақстанның әсем табиғатын өз картиналарында көрсеткісі келеді. Жас кезінен бастап ол өзінің картиналары тұратын көркем студиясы болуды армандады және сол арманына мақсатты түрде жетті.

Алғашқы еңбек жолын қала саябақтарында сурет салудан бастаған қылқалам шебері ірі заманауи экспозицияларды ұйымдастырып, өткізетін деңгейге дейін жетті. Қажырлы еңбек, белсенді ұстаным, мемлекеттің қолдауы, сондай-ақ жақындары мен достарының демеуі осылай биіктеуіне ықпал етті.

Ольга қалалық, облыстық, республикалық шығармашылық конкурстардың қатысушысы және жеңімпазы, ол «Алтай – Қазақстанның інжу-маржаны» республикалық пленэрінің ең жас қатысушысы.

2018 жылы ол «ZhasProject» халықаралық әлеуметтік жобасында грант жеңіп алып, соның арқасында Өскемен қаласында шығармашылық кеңістік құру үшін бастапқы капитал алды. Ол Өскемен қаласындағы «ZhasProject» ресми амбассадоры. Осы жоба аясында алты ай бойы барлық ниет білдірушілер үшін тегін сабақтар өткізді, онда халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына ерекше басымдық берілді.

Осылайша, сәтті жұмыс істейтін «Perfomance» арт-студиясы құрылды, бұл жерде Ольга балалар мен ересектер үшін, әсіресе аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары үшін сабақтар өткізеді. Студия жетім балаларға арналған тегін шеберлік-сыныптар, қала саябақтарын және табиғатты көгалдандыру мен тазарту сынды волонтерлік қызметті қоса атқарады.

2018 жылы Ольга Өскемен қаласының жастар бастамалары мен қоғамдық кеңесінің облыстық қолдауымен мемлекеттен облыстық грант жеңіп алды. Осылайша, әртүрлі әрі бірегей жұмыстар орнатылып ұсынылған  «MySelf» заманауи өнер көрме жобасы мақұлданды.

Жас депутат осы көрмені ұйымдастыру және өткізу үшін облыстың шығармашылық жастарын қызықтырып, жинай алды. Осыдан кейін бір жыл ішінде тағы 4 үлкен экспозиция өткізілді. Бұл – «Сенің шекараларың сенің басыңда», «Мен өзімді қабылдаймын», «ТАРИХ», «ОЛ». Барлық көрмелер танымал болды және қала тұрғындары мен қонақтары арасында үлкен қызығушылық тудырды.

2019 жылы арт-студия Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейінде картиналар экспозициясын өткізді. Көрме «Рухты Шығыс» Art-фестивалі және Жастар жылы аясында ШҚО жастар ресурстық орталығының қолдауымен өтті.

Қылқалам шебері 2016 жылдан бастап Қазақстанның ең әдемі жерлерінде, Катон-Қарағай қорығында, Белуха тауының етегінде жыл сайын көшпелі шеберлік-сыныптар өткізеді. Сондай-ақ Ресей (Алтай өлкесі), Түркия (Стамбул, Каппадокия) елдерінде  де көшпелі шеберлік-сыныптар өткізіп тұрады. Оның жұмыстары халықаралық деңгейге шықты, олар Қазақстанда және шетелде (Германия, Түркия, Сальвадор, Израиль, БАӘ, Ресей және т.б.) жеке коллекцияларда сақтаулы.

Ольга қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, Қазақстанның шығармашыл жастарын ілгерілету бойынша қоғамдық қызметін жалғастырып келеді. Сондай-ақ ол үнемі оқып, өнер саласында өз дағдыларын дамытып отырады.

 «Менің өмірлік қағидам – бос өмір сүрмеу, Қазақстан мен әлем өнерінде із қалдыру, өз Отаныңның жарқын өкілі болу», - дейді Ольга. Ол үшін көрерменнің басты марапаты – олардың өзі салған суреттерге деген шынайы таңданысын көру.

О.Чавкина Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, майталман маман, өнер мэтрі, жерлесі Николай Павлович Аштеманың көркемсурет студиясы мектебінен өткенін мақтан тұтады.

Суретшінің шығармашылық жолы көп қырлы, оның алғашқы жеке көрмесі Өскемендегі қалалық Орталық  кітапханасының көрме залында өтті. Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында картиналар көрмесін және шеберлік-сыныптарын өткізген ол қалалық арбат-фестивальдердің тұрақты қатысушысы. Оның картиналар көрмелері және шеберлік-сыныптары Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында және Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музейінің көрме залында өткізілді. Ол «Жылдың кәсіпқой маманы», «Жыл отбасы» номинациялары бойынша қала әкімінің премиясының жеңімпазы. Қалалық Орталық кітапхананың көрме залында «Көктем гүлдері» сурет көрмесін ойдағыдай өткізді. Оның жұмыстарымен қалалық Орталық кітапхана залында «EXPO 2017» атты картиналар көрмесі безендірілді.

Ольга Курчатов қаласында және Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінде жас суретшілер картиналарының көшпелі ұжымдық көрмесінің ұйымдастырушысы және қатысушысы. Қылқалам шеберінің Курчатов қаласындағы көшпелі жеке картиналар экспозициясы мен жылдам портрет пен скетчинг бойынша шеберлік сыныбы үлкен табысқа ие болды.

Нәзік жандар қатарынан болса да қылқалам шебері Ольга өз ісінің майталман маманы. Сүйікті ісіне жанын салатын суретші Нұр-Сұлтан қаласының көрме алаңдарында туындыларын көпшілік назарына ұсынуды армандайды.

 «Бұл өмірде  өз қорқынышын, жалқаулығын және сенімсіздігін жеңген адам ғана жеңіске жетеді, сол себепті өміріңнің соңында өкініп қалмау үшін өз уақытыңды дұрыс пайдаланған жөн. Бұл әлемге сұлулық қосу, рухты жетілдіру, адамдардың жүрегінен орын алу – менің мақсаттарымның бірі. Мен жанымды қинап жақсы көрінгім келмейді, мен жәй ғана өз ісін жақсы көретін адаммын және Қазақстан Республикасындай тамаша елде тұратыным үшін, маған жіберген барлық мүмкіндіктер үшін ғаламға өте ризамын», - деп ой бөлісті Ольга.