Елбасы кітапханасының қызметкерлері елордалық №58 мектеп-гимназиясының оқушыларына Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесінің тарихын баяндады. Жасөспірімдерге жаңа ақпаратты тереңірек меңгеруге бас қаланың оң жағалауындағы Елбасы кітапханасы музейінің экспозицияларында кеңінен ұсынылған тәуелсіз Қазақстан тарихы туралы архивтік құжаттар, фотосуреттер мен бейнематериалдар септігін тигізді.

1997-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың резиденциясы орналасқан тарихи ғимаратта сақталған түпнұсқа заттар мен фотосуреттер – ел дамуының бірегей куәліктері саналады.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі – Нұр-Сұлтан қаласының басты көрікті жерлерінің бірі. Сабақтар сол жылдардағы жұмыс күндерінің атмосферасын сақтаған залдарда өтеді. Президент кабинеті, қабылдау бөлмесі және жоғары деңгейдегі кездесулер өткізілген мәжіліс залдары бастапқы сол қалпында сақталған.

Сабақ барысында оқушылар сайлау жүйесі, праймериз ұғымдарымен таныса отырып, шетелдер мен Қазақстан Республикасындағы сайлау процесіне қатысты саяси оқиғаларды талқылады. Тренингке құрылған сабақ аясында қатысушылар топқа бөлініп, өз үміткерлерінің таныстырылымы мен бағдарламасын ұсынды. Олар жеке, топтық жұмыс кезінде өз ой-пікірлерін ортаға салып, талдап, жүйеледі.

Елбасы кітапханасының білім беру қызметінің ерекшелігі – сабаққа қатысушылармен белсенді қарым-қатынас жасау. Шығармашылық, пікір алмасу сабақтың тақырыбын терең ашуға мүмкіндік береді.
«Бүгінгі экскурсия-сабақ қызықты өтті. Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесінің тарихына тоқтала отырып, дәріскер балаларды ойын түрде әр баланың сайлауға деген қызығушылығын таныта білді. Сабақ барысында оқушылар өз бойындағы жақсы қасиеттердің қандай болу керектігін біліп, ойын толық жеткізу қағидаларын бойларына сіңіре білгенін байқадым», – деді №58 мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлбану Сейтен.