Тұңғыш Президент күніне орай Елбасы кітапханасының музейінде №67 мектеп-гимназиясы және Қоянды орта мектебінің оқушыларына «Тәуелсіздік бастауында» тақырыбында квест-экскурсия өткізілді.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған квест-экскурсияның мақсаты – жас ұрпақты патриотизмге баулып, білім көкжиегін кеңейтіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
–Тақырыптық квест-экскурсияда ең алдымен қазақ халқының тәуелсіздік алуының тарихи кезеңіне тереңірек тоқталдық. Квест сөзі ағылшынша «quest» – iздеу деген мағынаны білдіреді. Ойын барысында қатысушыларға карта таратылады. Ойыншы өте ұқыпты болуы керек. Бұл ойын арқылы оқушыларды дұрыс шешім қабылдауға, логикалық ойлау қабілеттерін дамытып қана қоймай, жасөспірімнің ойы мен тәрбиесін жеке тұлға ретінде заманауи талаптарға сай ұштап, тәрбиелеуге болады,-деп ой бөлісті Экскурсия қызметінің сарапшысы Ботагөз Аяпбергенова.
Квест-экскурсия барысында оқушылар тоғыз аялдама бойынша еліміздің қалаларының аттарын тауып, соңында «Қазақстан» сөзін құрастырып шықты.
–Бұл квест ойыны өте қызықты әрі әсерлі өтті. Ойын қатты қиын болмаса да бұл мен үшін үлкен сынақ болды. Білім мен қатар жылдамдықты талап ететін ойын екен. Біз сұрақтарға жауап бере отырып, Қазақстан картасын аралап, жасырылған сөзді таптық. Ұйымдастырушыларға алғымысыз шексіз, - деді № 67 мектеп-гимназиясының 7 -сынып оқушысы Назерке Ахметжан.

