ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН КВЕСТ-ЭКСКУРСИЯ

Елбасы кітапханасының музейінде «SEED» білім беру кешенінің 9-сынып оқушыларына «Елбасыға бастар жол» квест-экскурсиясы ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірбаяны мен еңбек қызметі туралы білімін тереңдетіп, кеңейту.

«Квестке 10 адамнан екі команда қатысты. Ойын барысында олар Н.Ә. Назарбаевтың өмір жолы мен еңбек жолына қатысты сұрақтарға жауап беріп, 7 белестен өтті. Финалда қатысушылар жеке сөзден Елбасының айтқан сөзін құрастырып шығулары тиіс болды. Тапсырманы бірінші болып орындаған команда жеңімпаз атанды», – деп түсіндірді Экскурсиялық қызметтің аға сарапшысы Жанар Испердинова.

Экскурсияның жаңа форматы оқушыларға да ұнады. Квест қатысушылардың көшбасшылық қасиеттерін ашып, берілген тақырып бойынша ақпаратты өз бетінше талдауға ықпал етеді. Ең бастысы, топпен жұмыс істеу қабілетін дамытады.

«Квест – бұл жасөспірімдерге материалды ұсынудың ең оңтайлы және қызықты түрі. Осы формат бойынша қатысушыларға сауалдардың жауабын табуға мүмкіндік беріледі, бұл материалды жақсы сіңіріп, есте сақтауға көмектеседі. Елбасы кітапханасы осындай танымдық әрі зияткерлік іс-шараларды алдағы уақытта да өткізсе, қуанар едік», – деп атап өтті сынып жетекші Абзал Жапарова.