ОҚУШЫЛАР ТАНЫМАЛ ПСИХОЛОГ ЕРЖАН МЫРЗАБАЕВПЕН КЕЗДЕСТІ

Елбасы кітапханасының «Болашаққа жол өзіңнен басталады» екі күндік семинар-тренингтердің биылғы маусымы аяқталды. Осы жолғы дәрістер мен тренингтердің тыңдаушылары – еліміздің Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан келген оқушылар. Іс-шара барысында жоғар сынып оқушылары танымал, қазақстандық отбасылық психолог, АҚШ-тың Бейбітшілік Институтының грант иегері Ержан Мырзабаевпен кездесті.

 

Дәрістер мен тренингтерде тыңдаушылар тәуелсіз мемлекеттің тарихы туралы, Елбасының идеялары мен бастамалары мен Жолдауларына негізделген стратегиялық бағдарламалар және мақалалар туралы маңызды ақпараттар алды.  Өңірлерден келген оқушылар Елбасы кітапханасының Назарбаев орталығы мен Қазақстанның Тұңғыш Президентінің резиденциясындағы музейінде орналасқан жәдігерлерді тамашалады.

Солтүстік Қазақстандық Кристина Сверидюк елордаға алғаш рет келген. «Қазақстанның астанасын бұрыннан көруді армандайтынмын. Енді, міне, Нұр-Сұлтан қаласындамын. Маған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында өткен семинар қатты ұнады. Естен кетпес естеліктер есімде қалды. Ұйымдастырушылар мен лекторларға рахмет! Біз бейбіт Қазақстанның бақытты ұрпағы екенімізді мақтан тұтамыз».

Кездесу қонағы Ержан Мырзабаев кәсіби отбасылық психолог. 2018 жылы Хьюстонда (АҚШ) отбасылық Готтман институтының 1-2 деңгейлі курстарынан өткен. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан бойынша «Орта Азияда зорлықшыл экстремизмнің алдын-алу мақсатында жергілікті қауымдастықтарды күшейту және өңірлік ынтымақтастықты арттыру» жобасының координаторы болып жұмыс істеген. Осы жылы АҚШ-тың Бейбітшілік Институтының грант иегері атанған. Ержан Мырзабаев жас өспірімдерге өз құрдастарымен, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасты қалай құру керектігі туралы кеңестерімен бөлісіп, күрмеуі қиын мәселелердің түйінін жанжалсыз шешудің жолдарын айтты.

Қостанай облысынан келген Бекзат Жұртықов кездесу туралы ой бөлісті. «Мен халықаралық қатынастар факультетіне түсуді жоспарлап отырмын. Болашақта тәжірибелі саясаткер болғым келеді, бүгінгі кездесудегі Ержан Мырзабаевтың кеңестері өте пайдалы болды. Эмоционалды интеллект туралы толығырақ білдім. Мұндай дағдылар, осы қабілеттер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты мықты саясаткерлермен және табысты адамдарға тән».

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова семинар-тренингтен өткен барлық оқушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Барлық қатысушыларға марапаттау рәсімінде сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.