Бүгін Елбасы кітапханасының музейінде Нұр-Сұлтан қаласының Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназия оқушыларына арналған «Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі» экскурсия дәрісі өтті.

Іс-шара кезінде Тұңғыш Президенттің алғашқы Резиденциясы болған тарихи ғимаратта ұйымдастырылды. Аталмыш дәріс оқушыларға елдегі сайлау жүйесін түсіндіруді, саяси мәселелерді талқылауды, елде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамауға шақыруды және болашаққа қадам жасауға бағыт-бағдар беруді көздейді.

Әлеуметтік-гуманитарлық жобалар және білім беру қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Әсия Оспанова жастарды Қазақстан Республикасы сайлау жүйесінің ерекшеліктері мен еліміздің жетекші саяси партияларының бағдарламаларымен, отандық партия жүйесінің қалыптасу тарихымен таныстырды. Басты назар кез келген мемлекет үшін маңызды саяси оқиға – Президент сайлауына аударылды.

Сабақтың тәжірибелік бөлігінде дәріскер оқушыларға ойды еркін айту,а мүмкіндік беретін, ақпараттық құзыреттілікті қалыптастыруға ықпал ететін тренингтік жаттығулар өткізді. Олардың барысында оқушылар тапсырмаларды орындап, ойындарға қатысты.

– Тарих пәні мұғалімдерінің жетекшілігімен біз Тұңғыш Президенттің музейімен алғаш таныстық. Бізді жылы қарсы алған мекеме ұжымының қонақжайлығы өте ұнады. Бізге құрмет танытып, әрқайсымызбен жұмыс істеп, әр сауалды ортаға салған Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Мамандардың кәсібилігі арқасында біз ұйымшылдық қасиеттеріміз бен тапқырлығымызды ұшқырлай түстік. Бұл мен үшін ерекше де маңызды күн болды, - деді 10 сынып оқушысы Кәлима Төлеутаева