НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНДА ФРАНЦУЗ СУРЕТШІЛЕРІНІҢ «ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫ: УАҚЫТ, КЕҢІСТІК ЖӘНЕ БОЛМЫС» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Биыл 28 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Нұрсұлтан Назарбаев қорымен бірлесіп ұйымдастырылған «Жаңа Жібек жолы: уақыт, кеңістік және болмыс» көрмесі ашылды. Серіктестер қатарында «Global Forum Resources» ЖШҚ, «Atelier Morales» (Франция), ,«Астана» Халықаралық қаржы орталығы, «Бірлескен көлік-логистикалық компаниясы – Еуразиялық теміржол альянсы» АҚ да бар.

Диалогты дамыту және заманауи халықаралық сауда жолдары мен экономикалық байланыстар туралы ойлар аясында «Global Forum Resources» компаниясы «Atelier Morales» Париж студиясының екі суретшісіне – Хуан Луис Моралес пен Тереза Аюсоға – атақты Ұлы Жібек жолы бойынша фотосаяхатқа тапсырыс берді.

«Бүгінгі көрмеге қойылған француз суретшілерінің туындылары Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан елдердің тарихына сапар жасайды. Көрме авторларының еңбектері ата-бабаларымыздың біраз ғасыр бұрын орнатқан байланысын сезінуге, оны дамытуда экономикалық, мәдени, ғылыми әлеуетті ашуға мүмкіндік береді. Мұндай мәдени жобалар Батыс пен Шығыстың, немесе Еуропа мен Азияның ғана даму мұрындығы болмағанын айқындайды. Даму – барша адамзаттың еңбегі мен жемісі», - деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Шанхай қаласынан сапарын бастаған суретшілер Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Германия, Ресей және Беларусь аумақтарындағы көптеген қалаларды, тарихи орындарды, көрікті жерлерді аралап, 13 000 км астам жолды жүріп өткен.

Саяхат кезінде түсірілген фотосуреттер «Жаңа Жібек жолы: уақыт, кеңістік және болмыс» жинағында жарық көріп, бүгінде Еуропаны Азиямен байланыстыратын құрлық пен теңіз дәліздерінің – оның ландшафттарымен қазіргі заманғы Жібек жолына біріктірілген негізгі ерекшеліктері мен жібек жолдары және қазіргі заманғы энергия (қуат), ақпарат, тауарлар ағынын қамтамасыз ету үшін әртүрлі жергілікті дәстүрлер мен мәдениеттер қалай қатар өмір сүретіні, тарихи Ұлы Жібек жолына қалай әсер ететіндігі туралы негізгі аспектілерді көрсетуге арналған.

2020-2021 жылдар аралығында фотосуреттер бірнеше ірі қалаларға барған көшпелі көрмеде ұсынылған. Осы көрмеге дейін өнер туындылары Венецияда (Италия) 2019 жылғы беделді халықаралық өнер биенналесінде көрсетілді.

«Жаңа Жібек жолы: уақыт, кеңістік және болмыс»  көрмесі 2022 жылдың         28 шілдесіне дейін жалғасады.