Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) 70 жылдық мерейтойында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев алғаш рет бұл биік мінберден қазақ тілінде баяндама жасап, оның сөйлеген сөзі ұйымның 6 ресми тіліне синхронды түрде аударылды. Аталмыш оқиғаға әлемдік БАҚ, сарапшылар мен саясаттанушылар ерекше назар аударып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкен мінберден ана тілінде сөз сөйлеуі қазақстандықтар үшін тәуелсіз Қазақстанның халықаралық сахнадағы беделін нығайтуға бағытталған маңызды фактор болды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынған бастамалары өте ауқымды мәселелерді қамтиды.
Әлемді қантөгістерден құтқару және ең бастысы оның себептерін жоюға ықпал етуге бағытталған стратегияны жүзеге асыру аясында Елбасы өз баяндамасында БҰҰ-ның жүз жылдығына орай Жаһандық стратегиялық бастама-2045 Жоспарын жасауды ұсынды .Оның мәні – барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымдарға, ресурстар мен нарықтарға қол жеткізуінің әділ шарттары негізінде әлемдік дамудың жаңа трендтерін қалыптастыру, сондай- ақ адамзаттық дамуы үшін ортақ жауапкершілікті орнықтыру.
Елбасының пікірінше, стратегиялық құжатты жүзеге асыру келесі басты қадамдарға негізделуі тиіс:
- БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің негізінде Жаһандық Даму Кеңесін құрып, оның құрамына қатысушы-мемлекеттермен қатар БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің басшыларын, соның ішінде Халықаралық валюта қорының жетекшілігін енгізу; БҰҰ-на мүше мемлекеттерді жаһандық тұрақты даму және өркендеу мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін ұлт үстілік әлемдік валюта қалыптастыруға жұмылдыру.
Бұл Кеңес мақсаттарының ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беретініне қарамастан, Қытай, АҚШ, Еуропа Одағы сынды көшбасшы елдер аталмыш мәселені таяу болашақта қарастыруға дайын емес екені анық. Дегенмен, мұндай бастама экономикалық шығындарды азайтып, жаһандық дағдарыстардың туындау мүмкіндігін төмендететінін түсіну керек.
- БҰҰ ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы Жалпыға бірдей декларациясын қабылдау.
ХХІ ғасырда адамзат саналы түрде ядролық қарудан бас тартып, өзара сенім мен сыйластыққа негізделген әлем қалыптастыруы керек.
Қазақстан, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев арқылы әлемде ауқымы жағынан төртінші орындағы ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жапқан мемлекет ретінде бұл мазмұндағы бастамалар көтеріп, оларды жүзеге асыруға толық құқылы.
Сонымен қатар Қазақстанда МАГАТЭ ұйымының аясында төмен байытылған уран банкінің ашылуы да әлемдік қауымдастық біздің мемлекетіміздің ядролық саладағы саясатына сенім артатынын аңғартады.
- БҰҰ -ның жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақырып, халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекіту.
Қазіргі кезде БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына тікелей қарама-қайшы келетін санкцияларды жөн-жосықсыз қолдану қисынға келмейді. Қазақстан мұндай жағдайда халықаралық қауымдастықты әрдайым шиеленістерді бейбіт шешуге және реттеуге шақыра отырып, қақтығысушы тараптарды Минск келісімін сақтауға үндейді.
- БҰҰ аясында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық желі құру.
Заманауи әлемде халықаралық қауіпсіздік өте өткір мәселеге айналып отыр. Террористік, экстремистік топтар белең алып бара жатқан жағдайда оны тек халықаралық қауымдастықтың бірлігі мен жауапкершілігі арқылы ауыздықтауға болады. Осылайша, Елбасының терең мағыналы ұсыныстары әлемді күш алып келе жатқан дұшпанға қарсы күреске жұмылдыруға бағытталған.
- БҰҰ аясында Астанада (қазіргі Нұр - Султан) жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құру.
Стратегиялық көрегендігімен танылған жаһандық деңгейдегі көшбасшы, ойшыл-стратег ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев аталмыш орталықты Нұр-Сұлтан қаласында 2017 жылы өткен «ЭКСПО -2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі инфрақұрылымының негізінде ашудың келешегі зор екеніне сенімді.
Бүгінде қалыптасқан экологиялық ахуалда жаңа экономикалық үлгіге көшу қажеттігі күмәнсіз. Мониторинг жүргізіп, жағдайды бағалай келе, көптеген дамыған елдер «жасыл экономика» бағытын таңдап, «эко-инновациялар» жолына түсті. Эко-инновациялар экономиканы дамытудың жаңа бағыты болып табылады, ал БҰҰ аясында Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың құрылуы аталмыш технологияларды дамытуға және оны басқа елдерге импорттауға ықпал етеді.
- БҰҰ аясында «Жаңа болашақ» тұжырымдамасын (NEW FUTURE) жасау.
Тұжырымдама Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақсыз мүшелігіне сайлау алды кампаниясына негіз болған ядролық, энергетикалық, су, азық-түлік қауіпсіздігі; сондай-ақ сенім, өзара түсіністік және реформаларға бағытталған. 2016 жылғы 28 маусымда БҰҰ-на мүше 193 мемлекеттің 138-і қолдап дауыс беріп, Қазақстан Республикасы тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз мүшелігіне сайланған болатын.
- БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіру.
Әлем бір орында тұрған жоқ. Егер 70 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәтте халықаралық кеңістікте Батыс жарты шардың ролінің күшеюіне байланысты ұйымның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыру туралы шешім қабылданса, бүгінде даму орталығы әлемдегі көлемі ең үлкен, халқы ең көп, ресурстар ең тығыз шоғырланған Азия құрлығына қарай ойысқанын көріп отырмыз. Әңгіме тек жаһандық орталықты географиялық сипатына сай орналастыруда ғана емес, халықаралық кеңістікті қамтитын мәселелердің шешілу деңгейінде.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен 2015 жылдың 28 қыркүйегінде қазақ тілінде жасаған баяндамасында айтқан бастамалары кемел келешекке бағытталған және ұзақ мерзімді сипатқа ие. Бұл ұсыныстар бойынша қысқа мерзімде шешім қабылдау мүмкін емес. Дегенмен олар терең зерттеу мен сараптама жасап, болашақта жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға тұрарлық.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясындағы баяндамасы
Нью-Йорк қ., 2015 ж.
Дереккөздер:
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясының Жалпы дебатындағы баяндамасы
