«Н.НАЗАРБАЕВ: ДӘУІР, ҚОҒАМ ТҰЛҒА» ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСУ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахыжанов Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде болып,  оқытушы-профессорлық құрамы және білім алушы жастарымен кездесті. 
 

Кездесу барысында «Археология және этнография» ҒЗО көрме залының, IT саласы мен студенттердің стартап-жобасына арналған көрменің, «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» көрме залы таныстырылды.

Студенттермен кездесу барысында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғылыми-техникалық кітапханасына Елбасы кітапханасының атынан 300-ден астам кітап тарту етілді. Олардың қатарында Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері, ҚР Тұңғыш Президентінің 1990-2016 жылдар аралығындағы қызмет хроникасы, Елбасының ресми өмірбаяны, отандық, шетелдік авторлардың Ұлт көшбасшысы туралы жазған кітаптары, қоғамдық-саяси, экономикалық, мәдени тақырыптағы кітаптар бар.
 

Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Мұратбекұлы өз сөзінде: «Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған жастар жылына орай жас қазақстандықтарды қолдауға арналған көптеген іс-шарамен айшықталып отыр.   Жастарымыз өте талантты әрі еңбекқор. Біз өскелең ұрпақтың  оқуда озат, білімге құштар боп өсуі үшін бар жағдайды жасауға талпынамыз. Осы тұрғыдан алғанда  жобамыз Елбасы өнегесі арқылы елжанды азаматтың қандай болуы керегін көрсету мақсатын көздейді».  

«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, қазақ тілі және әдебиеті, журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бағдат Қарбозұлы «Н.Назарбаев: дәуір, қоғам тұлға» жобасының тәрбиелік және білім беру тұрғысынан маңызы мен университетке берілген кітаптардың мазмұнын шолып өтті. Университеттің 3 курс студенті, студенттер парламентінің спикері Шернияз Жалғасбекұлы Елбасы кітапханасының семинар-тренингтеріне 2015 жылдан бері қатысып келе жатқанын айтты. Келешекте ол кітапханамен байланысты тереңдей беретініне сенім білдіретінін және ниеттес студенттермен бірге Елбасы кітапханасының идеяларын жүзеге асыруға белсене атсалысатынын жеткізді.

Кездесу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өтіп отыр. Қызылорда облысында өтетін «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі 2019 жылғы маусымның ортасына дейін жалғасады.