Елбасы кітапханасы «NN Journal» қоғамдық-саяси және ғылыми-танымдық журналының кезекті нөмірін жарыққа шығарды.
Журналдың №2(6) /2020 шығарылымы оқырмандарды мемлекеттің қалыптасу тарихымен таныстырып, елдің гүлденуіне еңбегін сіңірген Елбасының тарихи шешімдерін баяндайды. Оның мазмұнына «Тарихи тұлға тағылымы» (Қ.Тоқаев), «Көшбасшы феномені» (М.Қасымбеков), «Устремленный ввысь» (А.Рахимжанов), «Жаңа дәуірдің ұлы тұлғасы» (Қ.Сұлтанов), «Елтұтқа» (М.Жолдасбеков) сынды көптеген мақалалар кірген.
Бұл лекті бастаған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесідей ойларымен бөліседі: «Ел қуатты болса, қуаныш тұрақты болады. Ғасырларды уақыт ұршығында иірген мыңжылдықтар тоғысында Ұлы дала төсінде жаңа тұрпатты жас мемлекет құрылды. Атасы Алаш, керегесі ағаш қазақтың зар заманда жоғалтқан құндылықтары қайтарылды, бары бүтінделді, азаттықпен бірге сәулелі сәттерге толы шуақты шежіресі түзіле бастады. Осы бір мерейлі миссияны орындау мемлекетіміздің негізін қалаушы ұлы перзенті, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңдайына жазылғаны – әлемде аумағы жағынан алып елдердің алғашқы ондығына енетін, ұлан-байтақ жерінің асты да, үсті де табиғи ресурстарға бай, кешегі Кеңес Одағынан ірге бөліп шыққан кезде қолында жалын атқан от қаруы бар стратегиялық маңызы зор елге уақыттың өзі сыйлаған ерекше бағы. ...Мен Елбасынан көп нәрсе үйрендім, өмірлік өнеге алдым. «Төрелі жерге ел тоқтайды, төбелі жерге мал тоқтайды». Былтыр еліміздің тарихында үлкен бетбұрыс болды. Тұңғыш Президент биліктің ауысуы барысында маған өлшеусіз сенім артты. Бұл тағы да Елбасы ел мүддесі жолында кез келген шешімге бара алатын ерекше батылдығын байқатты. ... Сексеннің сеңгіріне сергек жеткен саясаткердің ел мен жер алдындағы ұшан-теңіз еңбегі – ұрпаққа үлгі, баршаға өнеге! Тәуелсіздіктің бастауындағы ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндердегі атқарылған істерді кейінгі буын келешекте әлі талай рет зерделейді, әділ бағасын береді».
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков «Күн тәртібі» айдарында: «Қазіргі Қазақстанның негізін салған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасы мен бірегей болмысына отандық ғалымдар да, шетелдік зерттеушілер де әу бастан зор қызығушылық танытып, айрықша көңіл аударып келе жатқаны мәлім. ... Нұрсұлтан Әбішұлының саяси көшбасшылығының феномені оның көпқырлы қызметінің бүкіл өн бойын да көрініс тауып, ол тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, дана стратег, ұлы реформатор және қазіргі заманның көрнекті саяси қайраткері ретінде ұлт тарихына енді. ...Тұңғыш Президент тәуелсіздік кезеңінің басынан бері сыртқы саясат саласына барынша мән берді. Қазақстанның егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ұтымды дипломатия елдің ұлттық мүддесін ілгерілету барысындағы басты тетіктің бірі болды. Қазіргі заманғы көпполярлы әлемдік тәртіптің ахуалын ескере отырып, ол халықаралық кездесулер мен байланыстарды жолға қойды, көпвекторлы ынтымақтастық пен прагматизм қағидаттары негізінде сыртқы саясатымызды айқындады», - деп жазады.
«Көшбасшы жолы» айдары әдеттегідей Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың серіктестері жазған естеліктерді ұсынады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов өткен күндерді былай еске алады:
«Қазақстан басшысының республика жұртшылығының мүддесіндегі әрбір сөзі, әрбір бастамасы қалың елдің көңілінен шығып, Мәскеудегі Орталық билік біздің Басшымызбен санасатын болып, еңсеміз көтеріле бастады. Нұрсұлтан Әбішұлы бірден Одақтық институттардың ескіргенін, заман талабынан қалып қойғанын, әсіресе, экономика, ұлт, басқарушы аппарат, кадр мәселелерінің шамадан тыс орталықтанып кеткенін, көптеген әдіс-тәсілдердің, кейбір шешімдердің әділетсіздігін, қаулы, қарарлардың жарамсыздығын, Одақтық мәртебелі жиындардың мінберінен ашық, батыл сынға алды. ...Президент Н. Ә. Назарбаевтың басшылығымен біз толыққанды мемлекет болып қалыптастық. Ізгілікті, зайырлы ел ретінде, озық өркениетке қабілетті мемлекет, ұлт болып халықаралық, әлем дәрежесінде танылдық, қабылдандық. Еңсеміз көтеріңкі ел екенімізді сезініп, әлем елдерінің алдында да көрсете алдық. ...Тәуелсіздік алғаннан кейін қысқа мерзімде, бір жылға жетер-жетпес уақытта 160-тан астам мемлекет Қазақстан мемлекеттігін танып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға келісімдерін білдірді. ...Қазақстанның ТМД елдерінің арасында ең алғашқысы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің өзі – біздің еліміз-дегі экономикалық, саяси реформалардың тиімді жүргізілуі, жаңа Қазақстанның әлемде танылуы және – Президентіміздің халықаралық беделінің танылып, мойындалып, өсуінің көрінісі болған жаңа дәуірдегі мемлекеттігіміздің тарихи көрінісі».
Жылы лебізін Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Түркітану кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков те білдірді. Оның айтуынша, Елбасы – бүгінде елдігіміздің символы, бірлігіміздің туы, тұтастығымыздың, абыройлы ел болғандығымыздың белгісі болып отыр. Халқымыздың бүгінде Тұңғыш Президентті Елбасы деп атауы – халықтың жүрегінен, шын ықыласынан, пейілінен шыққан сөз:
«Қадым замандардан бері қағанын құрметтеп, ханын қасиет тұтқан халқымыздың Н. Ә. Назарбаевқа Елбасы мәртебесін беруі заңды құбылыс еді. Қаусаған елде, қираған жерде аз уақыттың ішінде бүтіндей жаңа мемлекет құрып, оны әлемге танытқан Назарбаевтай тұлға арғы-бергі тарихымызда болған емес. Тәуекелге бел буып, бұл кісі ел тізгінін қолға алғаннан бері үнемі жетілумен, ілгерілеумен келеміз. Ерекше сыйқұрметтің белгісі ретінде билікке келген алғашқы жылдары-ақ Нұрекеңді елі ардақтап, «Үлкен кісі», «Ел тірегі», «Еліміздің иесі» деп атай да бастағаны есімізде. ...Н.Ә. Назарбаев ел бірлігін ту қып ұстады. Шекараны ашты. Сырттан инвесторларды тартты, сөйтіп, халқының әл-ауқатын, тұрмысын көтерді. Келешекті болжады. Ешкім күйзелген жоқ. Ел үміті ақталды. Ең керегі – елде тыныштық сақталды. Мұның бәрі Елбасының өз міндетін ойдағыдай атқарғандығының айғағы. ...Бүгінде Қазақстанға кең жол ашылды. Алпауыт елдердің басшылары ағылып келіп жатыр. Әлемдегі дамыған елдердің бәрінде елшіліктер ашылды. Ол елдермен қарым-қатынас, алыс-беріс күшейді. Мұның бәрі Қазақстанның келешегінің зор екендігінің куәсі. Н.Ә. Назарбаевтың халықаралық саясатта қаншалықты ықпалды тұлғаға айналғандығының белгісі», - дейді ол.
Журнал беттерінде сондай-ақ «Нурсултан Назарбаев – основатель казахстанской модели развития» (П.Давэй), «Turkic world leadership role of Nursultan Nazarbayev» (K.Zorlu), «Научно-теоретические аспекты международных инициатив» (В.Петровский), «Путь к безъядерному миру: инициативы Елбасы Нурсултана Назарбаева» (З.Шаукенова), «Евразийская интеграция как перспективный проект Н. А. Назарбаева: история и прогнозы» (И.Ветренко), «От мира и согласия в казахстане – к миру и безопасности на планете» (А.Башмаков), «Великий государственный деятель Нурсултан Назарбаев и тюркский мир» (М.Экиджи) сынды мақалалар бар.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қызметінің хроникасы дәстүрлі түрде жарияланған, аталған нөмірде 2020 жылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында болған оқиғалар мен деректер ұсынылған.
«NN JOURNAL», № 2 (6) / 2020 оқу
