«НАЗАРБАЕВ МОДЕЛІ: СТРАТЕГИЯЛЫҚ БОЛЖАМ ЖӘНЕ ПРАГМАТИЗМ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

2018 жылдың 19 қыркүйегінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Назарбаев моделі: стратегиялық болжам және прагматизм» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы мен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» кешенді көшпелі көрме жобасының маңызды бір бөлігі болып табылады.

Конференцияның модераторы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рақымжанов өз баяндамасында Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуындағы Н. Ә. Назарбаевтың стратегиялық бастамаларының рөліне тоқталды:

– Атырауда бүгінгі іс-шараның Қазақстанның елордасы Астананың 20 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқаны қуантарлық жайт. Қазақстанның жаңа елордасын құру идеясына бастамашы болған еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астананың бүгінгі келбетіне терең саяси әрі рухани мән беріп, ерекше еуразиялық феноменнің негізін қалады. Қазіргі таңда Астана – заманауи сәулетімен көз қуантар әлемнің ең сұлу қалаларының бірі. Елорданың тұрғыны ретінде атыраулықтардың сүйікті Астанамыздың 20 жылдығына ерекше тартуы – оң және сол жағлауды қосатын «Астана» саябағы тұсындағы жаңа көпір үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Мемлекет басшысы «Астана көпірінің» ашылу салтанатында «жаңа көпір – Атырау облысының лайықты тартуы және ол елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет етеді. Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқан барлық өңірлерімізге алғыс айтуға тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек» деп атап өткен болатын, – деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің алғы сөзінде:

– Ел дамуындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың рөлі өте жоғары. Елбасының сындарлы саясаты мен даналығының арқасында дұрыс әрі заманауи шешімдер қабылданды. Егеменді еліміздің жүріп өткен жолы оңай болған жоқ. Алайда елімізді дамытуға, әрбір азаматымыздың ахуалын жақсатруға, қоғамдық келісімді, этносаралық және конфессияаралық бірлікті сақтауға бағытталған басты шешімдер мемлекетіміздің кемелденуін белгілеп берді. Еліміз бен оның үдемелі дамуын сақтау секілді маңызды мақсатқа жету жолына халықты жұмылдыруы – Президентіміздің еліне сіңірген зор үлесінің бірі деп білемін.

Өңір басшысы жастарды биік мақсаттарға ұмтылып, бәсекеге қабілетті болуға шақырды.

– Қазақстанда өскелең ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтіп, білмегенді үйренуге, ғылымның заманауи жетістіктерін танып-білуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Әрбір қазақстандық азамат еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуы тиіс. Бұған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі үлгі болады. Біз Нұрсұлтан Әбішұлының қарапайым отбасында өсіп, өзінің жаңашылдыққа деген құлшынысының арқасында мектеп қабырғасында-ақ лидер болғанын білеміз. Бүгінгі күні Мемлекет басшысының биік шыңдарды бағындырғанына куә болып отырмыз, – деді Н. Ноғаев.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы Абзал Тәлтенов өз сөзінде Мемлекет басшысының Қазақстандағы білім мен ғылым жүйесінің дамуындағы бастамаларын атап өтті. Әсіресе, 1993 жылы қарашада Президент бекіткен еліміздің экономикасының әлеуетін көтеру үшін кадрлар мен мамандарды дайындауды көздейтін «Болашақ» бағдарламасына аса назар аударды.

– 2017 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланды. Қазақстанның алдында тұрған басты міндет бүкіләлемдік мәдени ортада бірігіп қана қоймай, сондай-ақ өзіміздің дәстүр бірегейлігін сақтап қалуымыз қажет. Жастарды білімге жетелейтін «100 жаңа оқулық» жобасын да ерекше айтып өткім келеді. Біздің жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс.

Конференцияның пленарлық отырысында өзге де алыс-жақын шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері баяндамаларын оқыды. Олардың қатарында Кыркларели унивеситетенінен Мұстафа Угур Четин (Түркия), Сайдиқапар Жолболды (Қытай), Ерфан Шадкам (Иран), Мехрибан Ережепова (Өзбекстан) бар.

Мұстафа Угур Четин «Лидер Нұрсұлтан Назарбаев және түркі әлемі» баяндамасында:

– Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің лидері, еліне қалтқысыз қызмет ететін, өте білімді әрі саяси данышпан ретінде танылған мемлекеттің ұлы адамы. Н. Назарбаев елдің бейбіт өмірі мен тұрақтылығын қолдайтын басшы ретінде өзге мемлекеттерге үлгі болмақ. Назарбаев мырза – түрік халқының құрметі мен шынайы сүйіспеншілігіне бөленген Тұран елінің ұлы лидері. Түрік елі мен түрік жастары Қазақтанмен қашанда бірге, – деді.

Ерфан Шадкам өз баяндамасында Қазақстан, Финляндия және Корея мысалында үштілдіктің дамуына талдау жасады:

– Қазақстан Президенті әрқашан қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі үштілдік білімнің маңызды екенін айтып келеді. Н. Назарбаевтың стратегиялық болжамы бойынша қазақ тілі – халықтың мәдениеті мен тарихының негізі, орыс тілі – Қазақстанның ең ірі көрші елінің тілі, ал БҰҰ-ның алты тілінің бірі – ағылшын тілі жаһандану тілі, міне осы үш тілді меңгеру қажет деп санайды. Н. Назарбаевтың сөзімен айтсам, «Ата-аналар өз балаларының заманауи білім алуын қадағалауы тиіс. Үштілділік баршаға міндетті!».

Мехрибан Ережепова баяндамасын «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» даму стратегияларына арнап, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени үдемелі жаңғыруына ерекше тоқталды.

– Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Н. Назарбаев қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялады. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында жаңа бағыттар мен міндеттерді жүктеді, 2050 жылға дейінгі біздің көздеген мақсатымыз – қарқынды дамыған экономикасы, қоғамы мен саналы халқы бар қуатты мемлекет құру деген болатын.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан жолы немесе Назарбаев моделі ретінде белгілі мемлекеттік басқару стратегиясы, қоғамның тұрақты дамуындағы, еліміздің тұтастай экономикалық және әлеуметтік-саяси жаңғыруындағы, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудағы рөлі талқыланды.

Іс-шараға ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының өкілдері, ғалымдар, саяси жаңғыру және әлеуметтік-саяси қатынастар саласының саяси сарапшылары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Конференция барысында Елбасының Жеке кітапханасының жинақтарынан «Әлем таныған Елбасы» бейнелі кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеде Н. Ә. Назарбаев туралы 100-ден астам басылым көрсетілді. Олардың қатарында Мемлекет басшысының балалық шағы мен жастық кезеңі, Ұлт лидері, азамат ретіндегі адами жеке қасиеттері, еңбек жолы мен саяси қызметі жөнінде баяндайтын жазушылар мен публицистердің, отандық және шетелдік танымал саясаткерлердің, Елбасы замандастарының еңбектері бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тағдырындағы өмір белестері мен есте қаларлық оқиғаларды айшықтайтын басылымдар Елбасы өмірбаянын егжей-тегжейлі бейнелеп береді. Көрмеде басылымдармен қатар Елбасының өзге елдердің басшыларымен кездесулері барысындағы тарихи сәттерді бейнелейтін архивтік фотосуреттер ұсынылды.