НАУРЫЗ: ЖАҢАРУ МЕН ӨРКЕНДЕУДІҢ ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМЫ

Адамзат тарихындағы ең ежелгі мейрамдардың бірі – Наурыз жақындап қалды. Жердің тоң кеудесі жібіп, жеті қат астынан жылы бу көтеріліп, айнала біткен жадырап сала беретін табиғат циклын қазақ халқы тегіннен асыға күтпесе керек. Мыңдаған жылдар бойы Ұлы дала елі Наурыздың мән-мағынасын терең ұғынып, қастерлеп келеді. Күн мен түннің теңелуі мен өсіп-өнудің символы боп танылған бұл мейрам барша түркітілдес елдер мен ирантілді халықтарға ортақ.

Адамдардың аузы аққа тиетін байырғы мейрам 1991 жылдың 15 наурызында Қазақстан Республикасы Президентінің «Көктемгі халықтың мерекесі – Наурыз мейрамы туралы» Қаулысынан кейін қазақ жерінде ресми түрде бекітілді. Осы құжаттың көшірмесі Елбасының жеке мұрағатында сақталып тұр. Мұрағат экспонаттарының арасында 1999 жылғы 22 наурыз күні Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық киімде түскен суреті де бар.

2009 жылғы 30 қыркүйекте Наурыз ЮНЕСКО-ның Материалды емес мәдени мұрасының тізіміне енді. Содан бері 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні боп бекітілді. 2010 жылы Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымы алғаш рет Наурыз мейрамын ЮНЕСКО штаб-пәтерінің Үлкен залында тойлады.

Елбасы ұсынған жаһандану моделінің басты талабы – мәдени мұра мен мәдениетті, ұлттық кодты сақтау. Сол себепті де Қазақстан Наурыз  мейрамына ерекше мән беріп, ұлыс күнінің дәстүрлі әдебиеті мен мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, бүгіні мен ертеңін көгенкөз жас буын ұрпаққа үгіттеп, насихаттап отырады.  

XIX ғасыр зерттеушілері былай депті: «Еуропалықтар сағатына қалай қараса, қазақтар аспандағы жұлдызға солай қарайды». Наурыз күндеріндегі аспан қазақтар үшін болжам картасына айналғаны жасырын емес. Мәселен, жұлдыздар жарқырап, бір жерге шоғырланса, жайма-шуақ ауа райы келді деген сөз. 

Одан бөлек, қазақ халқы Наурыз күні атқан таңға, батқан күнге қарап, таңның әр алуан құбылып, құлпырып атуын 99 түрлі қып түлетіп айтады екен. Қазақ таңның әр алуан құбылып атуына байланысты түрлі ырым-тыйымдар да жасаған. Егер Наурыз күні жаңбыр төксе, барлығы жаңбырдың астына бастарын тосып, осы әрекет табыс пен денсаулық әкеледі деп сенген. Қазақ Наурызда үйге қарлығаш ұшып кірсе, Жыл құсы кірді, шаңыраққа құт келді деп балаған.  

Осы мейрам аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев ежелгі дәстүрдің дамуы туралы айтып, тек ой-сананың ғана емес, қоршаған ортаның да тазалығын сақтауға баса назар аударады: «Ата-бабаларымыз бұрыннан Наурыз айында бұлақтарды тазалап, ағаш отырғыза бастаған. Біз осы әдемі ғұрыпты жалғастыруымыз керек. Табиғатты қорғап, қоршаған ортаны жақсартумен белсенді түрде айналысқанымыз жөн. Бұл өскелең ұрпақты экология бойынша тәрбиелеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі» – , деп үндейді Мемлекет басшысы.   

Пандемия өршіп, халқымыздың денсаулығына қауіп төніп тұрған кезеңде Наурыз мейрамын кеңінен тойлау жайлы сөз де қозғалмау қажет. Сондықтан, осы күндері мерекелі үстелге бір-біріне ақ жарма тілектерін жаудырған ең жақын адамдар жиналса екен. Біз бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында осы қиын-қыстау кезеңді де артта қалдырамыз. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыстар тілеймін. Әз-Наурызда ел қазынасы еселеніп, биіктерді бағындыра берейік. Ұлыс оң, ақ мол болсын!

         

 

Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті – Елбасы

кітапханасының директоры

Б. Темірболат