Орталық Азиядағы БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Наталья Снегур-Герман Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейіне келді.
Мәртебелі мейман рухани орданың тарихымен танысып, тәуелсіз мемлекет құрудағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі мен егемен елдің даму жолынан сыр шертетін экспозицияларды аралады. Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасының екі жақты серіктестігін дәйектейтін суреттер мен жәдігерлер қонақты аса қызықтырды. Мәртебелі меймандардың кітабына Наталья Снегур-Герман алған әсері мен ыстық лебізін қалдырды.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Бас хатшысы Антониу Гутерриштің алғысын жеткізуге рұқсат етіңіздер. Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, әлемге ортақ дамудың тұрақтылығын орнатуға негізделген бастамалардың іргетасын қалаған Тұңғыш Президенттеріңізге біздегі жұрттың ризашылығы мол. Молдова халқына деген Елбасының қолдауы мен ыстық ықыласына Молдова Республикасының Тұңғыш президенті Мирчи Иванович Снегур де алғыс білдіреді», - деді Молдова Республикасының Тұңғыш президенті Мирчи Снегурдің қызы Наталья Снегур-Герман.



