23 қазан күні Елбасы кітапханасының музейінде елорадалық №48 мектеп-лицейі оқушыларының қатысуымен «Нақыл сөздер және олардың тұлғаны қалыптастырудағы маңызы» атты сабақ өтті.
Ықылым заманнан бері қазақ халқы тауып айтылған сөздің құдіретін жоғары бағалаған. Ата-бабамыздың өсиеттері даналық сөздер, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер және т.б. түрінде бізге жеткен.
Қазақ тілі қанатты сөздерге, нақыл сөздерге және мақал-мәтелдерге өте бай. Дархан даламыздың асыл мұрасы бізге ғасырлар қойнауынан жетті. Әрбір нақыл сөздің өзіндік тарихы бар. Іс-шарада қазақ халқының ұлы ойшылдарының, философтарының, жазушылары мен ақындарының, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің шығармашылығымен танысу арқылы қатысушылар тамыры тереңге жайылған даналық сөздерді зерделеді.
Сабақ барысында «Қазақтың өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау менің президенттік те, перзенттік те парызым», - деген ұстанымды басшылыққа алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіздік жылдарында қазақ тілі мен мәдениетін дамытудағы рөліне баса назар аударылды.
Сонымен қатар, дәріскер бүгінде нақылға айналған Н.А.Назарбаевтың мына сөздеріне тоқталды: «Өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы», «Өз тарихын құрметтемеген адам, өзін де құрметтемейді», «Біз өткенге салауат айтып, келешекке көз тіккен елміз», «Аға буынның ұлы істерін жалғастыра отырып, біз болашақ ұрпаққа жол ашамыз». Бұл даналық сөздер Елбасының «Ой бөлістім халқыммен», «Туған елім – тірегім», «Өзекжарды ойлар» сынды еңбектерінде көрініс тапқан.
Сабақ басталмас бұрын қанатты сөздер мен нақыл сөздерді білу деңгейіне арналған әдеби сайыс өтті.
6-сынып оқушысы Тоғжан Сағындықова:
– Маған әрқашан қазақтың мақал-мәтелдері ұнайтын. Бүгінгі сабақта көптеген қанатты және нақыл сөздер, аңыз-әңгімелер мен мақал-мәтелдерді білдім. Олар адами қасиеттерді, біздің қоғамның құндылықтарын көрсетеді. Маған, әсіресе «Бірлік бар жерде – береке бар» деген сияқты достық туралы мақал-мәтелдер ұнайды.
6-сынып оқушысы Аяулы Бисембаева:
– Сабақ бәрімізге ұнады. Әсіресе сайыс қызық болды. Бәріміз белсенді түрде қатыстық.
Мектеп-лицей мұғалімі Роза Тлеубердиева:
– Балалар бірегей ғимаратта өткен ерекше сабаққа алғаш рет қатысып отыр. Ата-бабаларымыздың ғибратты сөздері мен өнегесінің өскелең ұрпақты қалыптастырудағы орны айрықша. Оқытудың теориясы мен көрнекілігі сай келген дәл осындай сабақтар оқушыларға материалды меңгеруге көмектеседі. Елбасы кітапханасының бай кітап қоры керемет көрсетілді. Елбасы кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне жылы шыраймен қарсы алып, аса мазмұнды іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін.



