НАГРАДАЛАР ТОПТАМАСЫ. «ТӨЛЕ БИ» ОРДЕНІ

Елбасы кітапханасының музей жинағындағы әр жәдігердің орны бөлек. Тұңғыш Президенттің қоғамдық марапаттар топтамасында 700-ден астам ордендер, медальдар, төсбелгілік құрмет белгілері бар.

Соның бірі – «Төле би» ордені. Бұл орденмен 2019 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевты «Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне қосқан зор үлесі үшін» «Қазақстанның қоғамдық марапаттар мен атақтар» қоғамдық бірлестігі  марапаттады.

Төле би – қазақтың үш биінің бірі, «Жеті жарғы» заңын жасаушылардың өкілі, алты Алашқа билік айтқан тектіліктің тұғырына қонған тұлға. Жайсаң жайлауында кіндік қаны тамған Төле би Әлібекұлы әділдігімен қара қылды қақ жарып, ақиқаттың алдаспанына айналған би. Ел арасында «Қарлығаш би» атанған данышпанның «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ», – деген сөзі бүгінде әр адамның ұстанымына айналды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Төле би Әлібекұлының 350 жылдық мерейтойлық құттықтау хатында былай дейді: «Төле би – қазақ жеріне тігілген жат көздің сұғына, жау елдің басқыншы әрекетіне қарсы күресте сұңғыла сөзімен, сертке сай ісімен, сардарлық стратегиясымен ерекше көрінген тұлға. Елдің намысы мен елдігін оятқан, жігерін жанып, еңсесін тіктеген қайраткер. Рухани көсемдік пен табиғи шешендікті тең ұстаған абыз. Қазақ жерінің тұтастығы мен ел бірлігін қашанда қазық қылып ұстаған бабамыз кейінгі ұрпағына ұлы өсиетті аманат етіп кетті. Төле би өсиеттері бүгінгі таңда да тәуелсіз еліміздің рухани өсіп-өркендеуіне, жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге өлшеусіз үлес қосып келеді».

«Қазақстанның қоғамдық марапаттар мен атақтар» қоғамдық бірлестігі өзгеше үлгідегі «Төле би» орденінен бөлек, аты аңызға айналған тұлғалар –  Жәнібек пен Керей хандар, Қабанбай мен Бөгенбай батырлар бейнеленіп, есімдері берілген ордендер шығарған. Ерекше жәдігерлер бағалы металлдан жасалады. Бұл ордендер қоғамдық бірлестіктің шешімімен елдің дамуына елеулі үлес қосқан қазақстандықтарға беріледі.