Елбасы кітапханасы «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» виртуалды көрмесін ұсынады. Экспозицияда Елбасы кітапханасының мұрағат, кітап, музей қорларынан алынған материалдар Тәуелсіздік тарихы, Қазақстандағы Президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы бойынша бірегей зерттеу, талдау, мәдени – ағартушылық, білім беру, ақпараттық алаңдарды қалыптастырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы рөлін көрсетеді.
2017 жылдың қараша айында Алматы қаласынан бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» виртуалды көрмесі Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасының өзегі болып табылады. Осы жылдар ішінде Елбасы кітапханасының көшпелі жобасы Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Тараз қалаларында сәтті жүзеге асырылып, оған 820 мыңнан астам адам қатысты. Көрме төрт бөлімнен тұрады: «Елбасы жолы», «Елбасы феномені», «Әлем таныған Елбасы», «Елбасы мәртебесі – Ел мәртебесі».
«Елбасы жолы» бөлімі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяндық кезеңдері туралы баяндайды. Жалпыұлттық Көшбасшының жолы дәуірдің мазмұнын және қоғамдық сананың эволюциясын айқындайтын тарихи процестер мен оқиғалар контексінде көрінеді. Қазақстан Президентінің алғашқы жалпыхалықтық сайлауы ел тәуелсіздігінің негізгі салаларын айқындаған басты тарихи таңдауын ашып көрсетеді.
«Елбасы феномені» бөлімі жаһандық өлшемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын тасымалдаушы Қазақстан Республикасын құрған Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттік құрылыс тұжырымдамасының қалыптасуы мен даму тарихына терең бойлайды. Елбасы феномені Семей ядролық полигонын жапқаннан бастап астананы көшіру туралы идеяны іске асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалардың призмасы арқылы ашылады.
«Әлем таныған Елбасы» бөлімінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жоғары беделінің нәтижесі ретінде Қазақстан Республикасының серпінді сыртқы саясаты көрсетіледі. Мұнда Н.Ә. Назарбаевтың дұшпандық пен түсініспеушіліктің кез келген көріністерінен еркін бейбітшілікті қалыптастыру ісінде сіңірген еңбегінің салмағы мен маңызын мойындайтын шет мемлекеттер мен үкімет басшыларының жеке игі құрметі дипломатиялық сыйлықтар, жеке хат алмасу, мұрағат материалдары арқылы көрсетіліп, көпвекторлы сыртқы саясат көрнекі түрде ұсынылған.
«Елбасы мәртебесі – Ел мәртебесі» бөлімінде Елбасы мен Қазақстан халқының тұрақтылық пен гүлденудің жаһандық үдерістеріне қосқан үлесін мойындаудың белгісі ретінде Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары ұсынылған. «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» виртуалды көрме материалдарымен
https://presidentlibrary.kz/ru сайтындағы «Виртуалды көрмелер» бөлімінен танысуға болады.