Үстіміздегі жылдың 14 қаңтарында Елбасы кітапханасының Алматы қаласында өткен «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Еске салсақ, өткен жылдың 10 қарашасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде аталмыш қор көрмесі ашылып, ҚР Мемлекеттік орталық музейінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ғылыми конференциялар, әдіснамалық семинарлар, «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесері тәрізді бірқатар іс-шаралар өткізілді. Жоба шаралары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күнін, Тәуелсіздік күнін мерекелеуге орай ұйымдастырылды.

Елбасы кітапханасының жобасы еліміздің астанасын ауыстырған сәттен бері 20 жылдың ішінде алғаш рет Мемлекет басшысының Жеке архиві, Елбасы кітапханасы және музейі қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары Алматы қаласының қалың жұртшылығы назарына ұсынылып отыр.
Елбасы кітапханасы жинағының қор көрмесі жобаның негізі болып табылады. Жиналған және жүйеленген архив, кітап, заттар кешені Тәуелсіздік тарихы, Қазақстандағы Президенттілік институттардың қалыптасуы мен дамуы, тәуелсіз мемлекеттілікті дамытудағы Елбасының тарихи рөлі мен феномені бойынша зерттеу, аналитикалық, мәдени-ағарту, білім беру, ақпараттық алаңды қалыптастырады.

Көрменің барлық жұмыс күндері оңтүстік астанамыздың тұрғындары мен қонақтары шолу экскурсияларына қатысып, Елбасы кітапханасы қызметінің негізгі бағыттарымен жан-жақты танысты. Көрме экспозициясының негізінде сонымен қатар келушілердің түрлі жас ерекшеліктеріне қарай тақырыптық экскурсиялар да жүргізілді.
Көрме қоғамды дүр сілкіндіріп, келушілердің ризашылықтарына бөленді. «Салтанат» би ансамблінің қатысушылары Пікір-тілек кітабында көрменің мазмұндылығын атап өтті:
– Ансамбль ұжымы, әсіресе, жас ұрпақ Президенттің өмірі мен қызметінің негізгі кезеңімен толықтай танысты. Елбасы қызметі халқына, Отанына деген қалтқысыз қызмет ету ісінде үлгі-өнеге болуы керек.
– Көрменің тарихи оқиғалар мен жәдігерлерді ұсынуы ерекше болды! Тұңғыш Президентіміз үшін қуаныштымыз. Оның жетістіктері – біздің жетістігіміз! Жастар мен ересектер өз тарихын, мемлекеттің құрылу кезеңдерін, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп жатқан жұмыстарын жақсы білулері керек. Көрме ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, – деді өз пікірінде Алматы қаласындағы Украин этномәдени бірлестігінің мүшесі.
Көптеген келушілер көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, экспозициялардың заманауи интерактивті технологиялармен жабдықталғанын, экскурсия жүргізушілердің материалды әсерлі әрі қызықты баяндағанын атап өтті.

Көрмеге барлығы 71 870 адам келіп, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 1 870 экскурсия жүргізілген.
«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі жақын арада Шымкент қаласында жалғасын табады.