МУЗЕЙ – ТАҒЫЛЫМ ОРДАСЫ

Жазғы кезеңде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан балалары – жазды қуанышқа толтырайық!» атты демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру тұжырымдамасы аясында Елбасы кітапханасы да Нұр-Сұлтан қаласының балалары мен кішкентай қонақтарына танымдық экскурсияларын ұсынады.

Бұл бағытта Экскурсия қызметінің сарапшысы Ботагөз Аяпбергенова №51 мектеп-гимназияның оқушыларына «Ұлы даланың жеті қыры», «Мәңгілік ел» тақырыбында квест ойындарын жүргізді. Экскурсия үлгісінде өткен квесттің шартына сәйкес, оқушылар топқа бөлініп, арнайы картадағы бағдармен тапсырма орындады.

–  Ойын барысында оқушылар қазақ халқы ұлы тұлғаларының есімі жасырылған жұмбақтарды шешіп, сан алуан тапсырмаларды орындауда тапқырлық танытты. Музей қызметкерлерімен жұмыс нәтижесінде балалардың мәдени талғамы артып,  отансүйгіштік қасиеті күшейді, топпен жұмыс істеу дағдысы дамып, бүгінгі заманның талабына сай логикалық, сыни ойлау қабілеті шыңдала түсті. Осы орайда заманауи технологиялармен жабдықталған Елбасы кітапханасының музейін тағылым ордасы атауға толық негіз бар. Оған зор қызығушылығын танытқан оқушыларымыз пікірлердің электронды тақтасына жылы лебізін жарыса қалдырды. Төтенше жағдай режиміндегі балалардың жазғы демалысын жүйелі, мазмұнды ұйымдастыруға көмектескен Елбасы кітапханасына көп рахмет, - деді №51 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гулзира Мендесбаева.

– Еліміздегі жаңа қоғамдық нормалар мен құндылықтар жүйесін қалыптастыруда маңызды рөлге ие Елбасының Қазақстан халқына жолдаулары мен мақалаларын оқу бағдарламасына енгізу – білім алушы жастар мен өмір тынысын сабақтастырудың бір жолы. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы тұсында тарих баспалдақтары арқылы оқушылар биік мақсаттарға жетелейтін идеялармен жіті танысып, ұлы даланың құндылықтарын бойға сіңіруге тырысты. Бұл қасиеттерді ұштастыра білген жастар елінің нағыз жанашыр азаматтары болып қалыптаспақ, - деді Б.Аяпбергенова.