«МУЗЕЙ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ» АТТЫ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасы Астана қаласындағы BINOM мектептерінің тарих пәні мұғалімдеріне арналған «Музей әлеміне саяхат» атты ашық есік күнін өткізді.

Қонақтарды қарсы алған кітапхана директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова мекеменің ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту қызметі туралы баяндап, ол мұражай педагогикасының бағыттары мен жетістіктеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

«2004 жылы Тұңғыш Президент мұражайы құрылған күнінен бастап біз білім беру мекемелерімен белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Мектептермен және Білім басқармасымен өзара іс-қимылдың қалыптасқан тәжірибесінің арқасында 2009 жылы музейде тарих және қоғамдық пәндер мұғалімдерінің Қазақстандағы алғашқы және жалғыз аттестаттау алаңы құрылды. Бірегей білім беру мүмкіндіктеріне ие бола отырып, Тұңғыш Президент кітапханасы сіздерге әдістемелік және мазмұндық тұрғыдан көмек көрсетуге, оның ішінде ашық сабақтар өткізуге арналған алаңдарды ұйымдастыруға әрқашан дайын», - деді Б. Қайыпова.

Кездесуге қатысушылардың назарына оқушылардың әртүрлі жас санаттарына арналған «Батырлық институты: дәстүр, мәртебе және қару-жарақ», «Қазақ музыкалық өнері» тақырыбында музейлік сабақтары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі» атты семинар-тренинг форматындағы сабағы ұсынылды.

Мұғалімдер таныстырылған сабақтардың тақырыбына, қолданылған әдістемелік әдістер мен кітапхана ресурстарына белсенді қызығушылық танытып, одан әрі ынтымақтастық үшін жобаларды талқылады. Сондай-ақ, оларға мұражай залдары бойынша экскурсия жүргізілді.