МӘРТЕБЕСІ БИІК МАРАПАТ

Дәл үш жыл бұрын, 2017 жылдың 3 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әзербайжан халқы мен қазақ елі арасындағы ынтымақтастық пен достық қатынасты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін Гейдар Әлиев орденімен марапатталған болатын.

Қошеметті дәйектеген жәдігер бүгінде Елбасы кітапханасындағы мәртебесі биік марапаттар топтамасында сақтаулы тұр. Жоғары мемлекеттік наградалардың қатарына кірген орден сегіз бүйірлі жұлдыз пішіндес күміс төсбелгі мен алқадан тұрады.

Жұлдыздың әр ұшы гүлдің күлтесіне ұқсатып орындалған. Бетінде алтын жалатылған қос семсер бар. Екеуінің айқасқан жерінде дөңгелек пластинада Гейдар Әлиевтың барельефі бейнеленген. 750-сынамалық алтыннан дайындалған төсбелгі қырық екі гауһар таспен әрленген. Жоғары тұсындағы қызыл эмальге алтын әріптермен Гейдар Алиевтің есімі жазылса, төменгі тұсындағы жасыл эмальге үш гауһар орнатылған. Пластинаның шет тұстары толқын пішіндес көк эмаль мен жиырма гауһар таспен көмкерілген.

Алқаның салпыншағы он бес элементтен тұрады. Мемлекеттің туы, елтаңбасы, Гейдар Әлиевтің вензелі бейнеленген эмаль пластиналар алтын мен күміс жалатылып, жүз он екі гауһармен әрленген. Алқаның өзі төсбелгідей 750-сынамалық алтыннан дайындалған. Төртбұрышты пластинаның ортасынан да Гейдар Әлиевтың барельефі орын тапқан. Оның келесі бетінде орденнің реттік нөмірі ойылған.

Әзербайжанның ең жоғары марапаты саналатын Гейдар Әлиевтің ордені 2005 жылдың сәуірінде бекітілген. Бұл орден шет мемлекеттің азаматтарына Әзербайжанның гүлденуіне ат салысудағы ерең еңбегі үшін, сондай-ақ Әзербайжанның өзге елдермен саяси, экономикалық, ғылыми және мәдени байланысын жақсартуға үлес қосқаны үшін беріледі.

Марапаттау рәсімі Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға ресми сапары кезінде өтті. Орденді табыстап жатып президент Ильхам Әлиев Елбасыға ықыласын білдірді: «Нұрсұлтан Әбішұлы, Гейдар Әлиев екеуіңіз ұзақ жылдар бойы дос болып, бірге қызмет еттіңіздер. Кеңес дәуірінде де тығыз байланыста болғандардыңызды әкемнің әңгімелерінен білемін. Қос мемлекеттің тәуелсіздігі тұсында да жылуға толы қарым-қатынастарыңыз тереңдей берді. Бұл ақиқатты жерлестеріміз де, ТМД елдерінің азаматтары да біледі. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екі жақты қатынастың негізін сіздердің салғандарыңыз да хақ».
Нұрсұлтан Назарбаев Ильхам Әлиевке қошемет үшін алғыс білдіріп, қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын белгіледі: «Қазақстан әзербайжан халқының адал, сенімді досы ретінде бауырлас мемлекетке жарқын болашақ пен бақ-береке тілейді. Халықтың тізгінін ұстап отырған сізге мен мықты денсаулық тілегім келеді. Ұлттың игілігі мен  елдің қазақ халқымен достығы үшін зор еңбек сіңіретініңіз анық. Осы тұста екі ел арасындағы қатынастың қос мемлекет пен қос ұлттың мүддесі үшін адал еңбек ететініне сенімім мол», – деді ол.