М.ОСПАНОВ АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МАҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДӘРІС ӨТТІ

2018 жылғы 17 қарашада М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор  Әмірхан Рахымжановтың  Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы Елбасы кітапханасының қызметі» атты дәрісі өтті.

Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өткізілген  дәріске М.Оспанов атындағы БҚММУ-нің 500-ден аса профессор-оқытушылар құрамы, аспиранттар, докторанттар мен студенттер қатысты.

Дәрістің алғы сөзінде Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов өткен жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан көшпелі көрме жобасының жұмыстарын тілге тиек етті.

– Елбасы кітапханасы «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасын жүзеге асыруды бастады. Көрменің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан қалыптасуындағы шешуші рөлін өңір тұрғындарына жан-жақты көрсету. Бүгінгі күнге дейін аталған ауқымды шара Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдарының докторы, профессор  Махмұд Базарқұлұлы Қасымбековтың қатысуымен Алматы қаласында, Түркістан, Атырау облыстарында сәтті өтті. Ал, тәуелсіз Қазақстан үшін ерекше мерекелер – Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні мерекелері қарсаңында Ақтөбе облысында көшпелі көрме жобасы жалғасын табуда. Жоғарыда аталған жоба аясындағы біздің бүгінгі кездесуіміздің 60 жылдан астам тарихы бар – бастапқыда Ақтөбе мемлекеттік медицина институты атауымен ашылып, кейін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті атанған жетекші оқу орнында өтуінің де себебі бар. Университет негізі қаланған уақыттан бастап тек Ақтөбе немесе Батыс аймағы емес, тұтас Қазақстандық медицинаның дамуына елеулі үлесін қосып келеді, - деген Әмірхан Мұратбекұлы дәрістің негізгі тақырыбына тоқталды:

– Өсетін ел, болашағынан үміті бар мемлекет алды-артын, жан-жағын бірдей ойлайды, өткенін саралап, келешегін болжайды, алдына Ұлы мақсаттар қойып, соған жетуге ұмтылады. Осы мақсатта, 2017 жылы жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен елімізде ұлттық рухани жаңғыру процесі басталды... Бағдарламалық мақаласында Елбасымыз «Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» - деді. Яғни, саяси және экономикалық жаңғырудың жетістігі, бірінші кезекте, рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сананың деңгейіне байланысты болмақ. Сондықтан, бүгінгі таңда рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шықты.

Сондай-ақ өз дәрісінде Әмірхан Рахымжанов Елбасы кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстарды  атап өтті:

«Елбасы кітапханасы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – Елбасы  тұлғасының феноменін, оның заманауи саяси қызметін, Қазақстан мемлекеттілігін дамытуға қосқан тарихи үлесі мен әлемге ықпал еткен стратегиялық бастамаларын ілгерілету мақсатында жастар мен ересек тұрғындар арасындағы жүйелі білім беру және мәдени-ағарту жұмыстары болып табылады. Президентіміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялағаннан бастап Елбасы кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әртүрлі форматта республикалық және халықаралық деңгейлерде шаралар өткізіп, маңызды ағартушылық жобаларын іске асырумен жүйелі түрде айналысуда. Елбасы кітапханасында 2017 жылғы сәуірден «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты тақырыптарда әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Соның аясында республикамыздың үздік оқушылары мен студенттеріне апта сайын семинар-тренингтер өткізіледі. Екі күндік семинар-тренингтің бағдарламасы Қазақстанның ұлттық тарихы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының өмірі, қызметі мен саясаты, қазақстандық мемлекеттіліктің қазіргі және келешектегі даму мәселелерінің өзектілігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген ұлттық құндылықтар мен рухани жаңғыртуға арналған арнайы жобаларды түсіндіру мәселелерін қамтиды. Осы сәтті пайдалана отырып, университет студенттерін де 2019 жылы өтетін семинар-тренингтерге қатысуға шақырамын және университет басшылығы оларды қолдайды деп ойлаймын.»

Кездесу соңында Әмірхан Мұратбекұлы дәріске қатысушыларды келелі істерді бірлесе атқаруға шақырды:

Ойымызды қорытындылайтын болсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы жоғарыда аталған маңызды шараларға қатысқан білім мен ғылымға ұмтылған саналы өскелең ұрпақ арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұрлы идеяларын Қазақстанның түкпір-түкпіріне сәуле ретінде шашуда. Тиісінше, Елбасы кітапханасының  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы рөлі осы деп есептеймін. Мемлекет басшысы: «еліміздің әрбір азаматы бүкіл қоғам, саяси партиялар мен қозғалыстар, барша мемлекеттік органдар ағымдағы жағдайға талдау жасап, біздің қай жерде тұрғанымызды анықтап, әрбіріміздің не істеу керектігімізді жете ұғынуы керек», - деген болатын. Олай болса, Президентіміздің аталған тапсырмасын орындау мақсатында алдағы уақытта да жаңару арқылы жарқын болашаққа жетелейтін Елбасы жолымен келелі істерді атқаруды жалғастыра берейік!

Іс-шара соңында Елбасы кітапханасының директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетовке Алғыс хат пен құнды кітаптарды сыйға тартты.