«Мәңгілік ел» идеясы – мемлекеттік құрылымның негізі

Елбасы кітапханасында игі дәстүрге айналған «Қазақстандық бірегейлік және жалпыұлттық бірлік тағылымы: ұрпақтар сабақтастығы» кездесуі өтті. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының тарихи және саяси аспектілеріне Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Этносаралық қатынастар және толеранттылық орталығының директоры Сатай Сыздықов және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы кафедрасының меңгерушісі Төлеуғали Бөрібаев жан-жақты тоқталды. Профессорлар тақырыпты тереңнен зерделеген.

0U3A2375

– «Мәңгілік ел» идеясы жаңа ойдан шыққан жоқ. Оның тамыры тереңде, ұлттық тарихтың кеңістігінде. Әл-Фараби мәңгіліктің философиясын қалыптастырып, қозғалудың маңыздылығына баса мән берді. Жүсіп Баласағұнның еңбектерінде бірегейлікке сипаттама беріліп, әр нәрсенің өзіндік орны болуы тиіс екендігіне назар аударылған. «Алаш идеясы» да «Мәңгілік елдің» бір көрінісі. Енді тарихпен бірге қалыптасқан  ұлттық идеяға қазақстандық бірегейлік және бірлік арқылы қол жеткіземіз, - деп атап өтті Сатай Сыздықов.

Қазақстанның мемлекеттік құрылымы негізі – «Мәңгілік ел» идеясы. Оның басты құндылықтары жарқын келешекке жол ашады.  Тек болашаққа нық сенімі бар ұлт идеяны қалыптастырады.

0U3A2368

– Жас ұрпақты қандай құндылықтар негізінде тәрбиелейміз деген сауал мазалайды. Оны «Мәңгілік елдің» құндылықтарынан табуға болады. Оның тұғырында «Тәуелсіздік» орналасқан. Бұл ойдың, сананың, рухтың еркіндігі. Екіншісі, еңбекқорлық арқасында туған жер үшін жауапты тұлғаларды тәрбиелейміз. Ұлы құндылықтарымызды, адамгершілік қағидаларын сіңірсек, ұрпақтар сабақтастығы сақталады, - деп жастарға түсіндірді Төлеуғали Бөрібаев.

«Мәңгілік елдің» кірпіштерін жұмыла қалау қажет. Тағылымды әңгімені ұйып тыңдаған студенттердің пікірі бір арнаға тоғысады. Сымбат Тахрадинова  университет қабырғасындағы «Сенім» қоғамдық ұйымының белсендісі. Бойжеткен қатарластарымен бірлесе қарттар үйлеріне және жетімханаларға қолғабыс етеді.

– Өз қолымызбен бұйымдар жасап, университет студенттеріне ұсынамыз. Одан олжалаған қаржыға балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және қариялар үйлеріне тарту-таралғы сатып алу дәстүрі қалыптасқан. Бір-бірімізді демеу, мейірімділік таныту – маңызды құндылық. Оны дәріптеуге титтей болса да үлес қосып жүрмін. Бүгінгі кездесу арқасында ұлттық идеяның мәні мен маңыздылығын тереңнен түсініп, өзімізге артылатын жауапкершілікті сезіндік, - дейді Сымбат Тахрадинова.

0U3A2514

Қатарласының пікірін Алуа Төкенова да қостайды.

– Мен болашақ биотехнологпын. Мамандығым барлық жаңашылдықтарды назарсыз қалдырмауды талап етеді. Бүгінгі кездесу және «Әлемді өзгертетін идеялар» тақырыбындағы екі күндік дәрістер барысында саясат, мемлекеттік қызмет туралы жаңа мәліметке қанықтым. Өзім қоғамдық жұмыстарға белсене араласамын. «Жас Отан» жастар қанатының қатарында ізгілікке толы  шаралар ұйымдастырамыз. Адамдарға көмектесіп, олардың алғысына бөлену бойға жылулық сыйлайды, - дейді Л. Гумилев атындағы ЕҰУ 2 курс студенті Алуа Такенова

«Әлемді өзгертетін идеялар» семинарын құқық қорғау органдарының қызметкерлері де ұйып тыңдады. Оңтүстікқазақстандық Аслан Ысқақов 2009 жылдан бері экономикалық заңбұзушылықтардың тамырына балта шабуда. Жедел қызметте шыңдалған жас маманға бүгінде жауапты міндетті орындайды.

0U3A2256

– Семинар әрқайсымыз үшін аса маңызды. Тәуелсіз мемлекеттің даму жолы, мемлекеттік басқару саласындағы тиімділік туралы кеңірек айтылды. Өз басым «100 нақты қадамды» абыройлы қызметім арқылы жүзеге асырып, үлесімді қосамын. Жұмысымда әділеттілік пен мөлдірлікке басымдық беремін. Бүгінде экономикалық қылмыстар арасында салықтан жалтару, жалған кәсіпкерлікпен айналысу басым. 9 айдың қорытындысы бойынша қарауымда 50-ден астам іс бар. Олардың бірі өндірісте, бірі сотқа жолданды, - деп атап өтті ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің аға тергеушісі Аслан Ысқақов

Екі күндік семинарға қатысушылар сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.