Елбасы кітапханасында жарық көрген Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың жасампаз идеялары мен жаһандық бастамаларына арналған кітаптардың ішінде «Мәңгілік Ел» идеясы: кеше, бүгін, ертең» ұжымдық монографиясы да бар.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев: мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшы феномені» ғылыми бағдарламасы аясында дайындалған бұл басылымға «Мәңгілік Ел идеясы: тарихы мен болашағы» республикалық ғылыми конференцияның баяндамалары енген. Аталмыш конференцияға келіп түскен жетпістен астам баяндаманың ішінен жиырма үші іріктеліп, ұжымдық монография ретінде басылып шықты.
Кітаптың кіріспесінде Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ұлттық идеяның біріктіретін, бір мақсатқа жұмылдыратын, тұтастыққа негізделген, қоғам дамуында шешуші рөлге ие қозғаушы күш екенін айтып, Елбасының Қазақстан халықтарының теңқұқылығы негіз болатын өз ойындағы қазақстандық ұлттық идеяны қалыптастырғанына тоқталады.
«Елбасы Ұлы дала төсін дүбірлеткен ер бабалардың асыл мұратын іске асырып, заманауи іргелі мемлекет құрып қана қоймай, мыңжылдықтарда да мызғымайтын «Мәңгілік Ел» құрудың тарихи бағдарын ұсынды. 2014 жылы болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін бастама – «Мәңгілік Ел» идеясын жариялап, межелеп берді. «Мәңгілік Ел» – Тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаев бастаған барлық қазақстандықтардың бірегей миссиясына саяды. Бұл идея халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманына ғана емес, Қазақстанның тәуелсіз жылдарындағы 9 дамуының нақты нәтижелеріне негізделеді. Елбасы халықтың өткен тарихын елдің бүгіні мен келешегінің темірқазығы екеніне үнемі назар аударып келеді. Өйткені тарихи зердеде болашақтың бағдарын айқындайтын үлкен мүмкіншіліктер бар. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – қазіргі қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және Қазақстанды ортақ Отан еткен ұлыстардың ұлттық идеяларына негізделген жасампаз идеология. Өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы басты мұратымыз».
Төрт тараудан тұратын жинақта «Мәңгілік Ел» идеясының шығу тарихы, оның түркі философиясында көрініс табуы, ұлттық идея ретінде қалыптасуы және оның басты құндылықтарына зерттеу жүргізіледі. Әсіресе, «зайырлы мемлекет», «Астана», «қазақ мәдениеті», «мәдени құндылықтар» жеке-жеке талданады. Сондай-ақ «Мәңгілік Ел» идеясының контексінде Қазақстанның экономикалық дамуы, құқықтық жүйе, мәдениет, саясат салалары қарастырылады.
«Мәңгілік Ел» идеясы: кеше, бүгін, ертең» ұжымдық монографиясында халықтың әл-ауқаты мен оның жарқын болашағын ойлайтын, қазақстандық қоғамның жаңа моделінің негізін қалаушы ретіндегі Елбасының рөлі айқындалған.
Монография жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, ғылыми қызметкерлерге, сондай-ақ, осы тақырыпқа қызығушылық танытқан орталық және жергілікті басқару органдарының өкілдеріне арналған.
