«МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ. ҚАНЫШ СӘТБАЕВ

12 сәуір елімізде ғылым күні атап өтіледі. Мереке Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы № 164 Жарлығымен белгіленген. Дәл осы күні Қазақстанның ғылыми ортасының өкілдері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді – бұл Қаныш Сәтбаевтың туған күні. 1899 жылдың 12 сәуірінде Семей облысы Павлодар уезінде (қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы қазіргі Мұса Шорманов ауылы) болашақ ғалым-геолог, кеңестік металлогения ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан металлогения мектебінің негізін қалаушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастырушысы және алғашқы президенті, КСРО және ҚазКСР-дің Ленин және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты – өз дәуірінің ірі ойшылы және жаратылыстанушысы дүниеге келді. Жарық дүние есігін ашқан сәбиді Ғабдул-Ғани деп атаған. Анасы ұлын Ғани, Ғаныш деп еркелеткен. Көп ұзамай бәрі баланы Қаныш деп атай бастады.

Қаныш Сәтбаев алғаш молдадан сауат ашқан, кейін екі жыл уездегі қазақ-орыс мектебінде білім алды. 1911 жылы Қаныш Сәтбаев Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Сәтбаевтың денсаулығы күрт нашарлап кетіп, диплом алу үшін емтиханды сырттай тапсырады. 1920-1921 жылдары туған мекенге оралып, өкпе туберкулезі дертінен айығу үшін қымызбен емделеді. Осы кезде Қаныш Сәтбаев қазақ мектептері үшін алғашқы алгебра оқулығын құрастыруды бастады. Бұл жұмысын ғалым 1924 жылы аяқтады.

Оның мансаптық жолы халықтық судья лауазымынан басталғаны белгілі. Мәселен, жас Сәтбаев сол жылдары әуесқой театр ұйымдастырып, «Еңлік-Кебек» пьесасын қояды, бұл пьесаны оның мұғалімдік семинариясындағы аға досы Мұхтар Әуезов жазған еді.

1912 жылдың басындағы кездейсоқ кездесу Сәтбаевтың тағдырын мәңгіге айқындап берді. Туған Баянауылында жас судья өкпе дерттерін емдеуге Томсктан келген геолог Михаил Антонович Усовты жолықтырады. Профессордың 22 жастағы бозбаланы геология туралы әңгімелері қызықтырғаны сонша сол жылдың күзінде заңгерлік тәжірибесін тастап, Томсктағы технология университетіне оқуға түседі. Белгілі ғалым осылайша жас қазақтың өміріне елеулі ықпал етеді. Тек ұстаз ретінде ғана емес, оқу барысында Сәтбаев жатақханада емес, М.А.Усов өз пәтерінен берген бөлмеде тұрады.

1922 жылдың басында туберкулез дерті асқынып кеткендіктен, жас жігіт қайтадан ауылына оралады. Алайда Қаныш оқуын үзгісі келмейді, сондықтан университеттік курсты үйде өткізгісі келді. Оған Баянауылға жиі келетін  Усов жәрдемдеседі. 1926 жылы Қ.И.Сәтбаев Томск технологиялық университетін тәмамдап, алғашқы тау-кен инженері геологы мамандығы бойынша дипломы бар қазақ атанып, халық шаруашылығының Орталық Кеңесіне жіберіледі. Қ.И.Сәтбаев «Атбасцветмет» трессінің геологиялық бөлімін басқарады. Оның алдында Жезқазған-Ұлытау ауданындағы пайдалы қазбалар қорын жүйелі түрде анықтау үшін алғашқы стационарлық геологиялық барлау міндеті қойылды. Жезқазғанның қорын қарапайым деп бағалаған ХКК-ге (Халық комиссарлары кеңесі) қарасты Геологиялық Комитет пен ағылшындарға қарағанда Сәтбаев бұл аймақтың геологиялық қорының ауқымды екеніні сенімді болды. 1932 жылы Қ.И.Сәтбаев «Жезқазған мыс-кен ауданы және оның пайдалы қазбалары» атты бірінші ғылыми монографиясын жариялайды. Осы уақытқа дейін Жезқазған кендерінде алдын-ала есептелгендей 60 мың тонна емес, 2 миллион тоннадан астам мыс бар екендігі анықталды.Бұл Қ.И.Сәтбаевтың ғылыми көрегендігінің дәлелі еді. 1934 жылы КСРО ғылым академиясының сессиясында Қ.И.Сәтбаев «Жезқазған-Ұлытау аймағының мыс, көмір, темір, марганец кендері және басқа да пайдалы қазбалары» атты баяндама жасайды, баяндамада ол Жезқазған кен орны мен бүкіл аймақтың бай болашағын жан-жақты дәлелдейді. 1937 жылға қарай зерттелген мыс қорлары Жезқазғанды ​​әлемдегі ең ірі мыс кен орны деп атауға және мұнда тау-кен өндірісі құрылысын негіздеуге мүмкіндік берді. 1938 жылы 13 ақпанда Жезқазған тау-кен металлургия комбинатын салу жөніндегі халық комиссариатының бұйрығы шықты.

1941 жылы К.И. Сәтбаев КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының Геологиялық институтының директоры болып тағайындалады, бір жылдан кейін ол осы бөлімнің яғни республиканың болашақ ғылым Академиясының басшысы атанады.

1943 жылдың күзінде ғылымның дамуына қосқан үлесі және айтулы ғылыми жетістіктері үшін К.И. Сәтбаев КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Осы жылдары ол Қазақстан Магниткасы, Балқаш пен Атасудағы тау-кен комбинаттарының жобасы мен құрылысына баса мән берді. 1946 жылы маусымда К.И. Сәтбаев Қазақстан ғылым академиясының бірінші президенті болып сайланды. Сол жылдың қазан айында КСРО Ғылым Академиясының толыққанды академигі болып тағайындалды. Сол жылы Сәтбаев КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты атанады.

Ғылымды басқару бойынша үлкен ұйымдастырушылық іс-шаралар және Қазақстанның индустриалды дамуын К.И. Сәтбаев өнеркәсіптік кешендерге практикалық көмек көрсетумен ұштастырады. Ол Маңғышлақ түбегінің табиғи ресурстарын жан-жақты зерттеуді, көмір, мұнай, газ және қара металлургия кендерінің жаңа кен орындарын зерттеуге жетекшілік етті, сондай-ақ Ертіс-Қарағанды арнасының құрылысын белсенді қолдады. Оның бастамасымен республиканың ірі индустриалды аймақтарында ғылым академиясының жылжымалы сессиялары өтті. ядролық физика, математика және механика, гидрогеология және гидрофизика, мұнай және табиғи тұздар химиясы, химия және металлургия, тау-кен металлургиясы, ихтиология және балық шаруашылығы, эксперименталды биология, экономика, философия және құқық, әдебиет және өнер, тіл білімі бойынша жаңа академиялық инстиутттар ашылды. Энциклопедиялық білім Президентке осы ұлы ғылым орталықтарын құруға жеке қатысуға мүмкіндік берді. Мұхтар Әуезов «Қаныштың үлкен бір ерекшелігі - оның химик, биолог, физик, дәрігер, тарихшы немесе филологпен ғылыми тілде сөйлесе алуы», - деген.

Қаныш Сәтбаевтің таңдаған мамандығы кен барлаушы, геолог болса да осы оқу, қызметте жүру оны өнер мен әдебиеттен ешқашан алыстатқан емес. 1926 жылы М.Әуезовтің қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы пьеса жазып жүргенін естіп, хат арқылы оған өзінде бар көптеген тарихи мәліметтерді жазып жібереді. Ел ішінде айтылып жүретін хатқа түспеген тарихи жырларды, аңыздарды хатқа түсіреді. Жер қойнындағы кен барлау жұмысын бұрынғы тарихпен байланыстырып, ежелгі қазба орындарын, жер астындағы қирап кеткен, көмілген мекендердің археологиялық жағдайы туралы да мақалалар жазады.

Әдебиеттегі ұлтшылдықпен күрес туралы партияның бұл қаулысына қазақ халқының бірталай тарихшы, әдебиетші ғалымдары ілікті. Қ.Сәтбаевтың «Абай жолы» романын халық өмірінің энциклопедиясы деп бағалауы сол уақыт үшін аса қажет баға еді. Оның қазақ әдебиеті мен мәдениетінің білгір жанашыры болғанын академик Әлкей Марғұлан да ерекше сипаттап жазған. Әдебиетке деген сүйіспеншілігінің арқасында орыс әдебиетімен байланыстарды зерттеген ғалым әке арманын орындап көп томдық зерттеу еңбектерін жазып қалдырған. Ал атақты музыка зерттеушісі Затаевичке 25-ке жуық халық әнін айтып, жаздырып қалдыруы ғалымның шын мәніндегі халық өнерін бағалай білген өнерпаздығын көрсетеді.

Ұзақ жыл кен барлау, өндіріс саласында жүріп шыңдалған болашақ ғалым кейін Ғылым академиясын ұйымдастыру қызметіне келгенде де олардың жолы тағы түйіседі. Қазақ ғылым академиясы Мәскеу академиясының бөлімшесі есебінде құрылады. Оның бөлімдері де санаулы, кадрлық мүмкіндігі де кезінде шектеулі болған еді. Уақыт өте келе Қ.Сәтбаев  сол кездегі Қазақ кеңестік республикасы Ғылым академиясын одақтық дәрежедегі ірі ғылым ордасына айналдыруда мол еңбек сіңіреді.

Ол өзінің көп жылғы жемісті еңбектерімен Қазақстанның геологиясы мен металлогениясын зерттеу тарихында терең із қалдырды. Жүргізілген жұмыстың ерекше мақсатқа бағытталғандығының және оның коллективті түрде атқарылуының – басқару ісінің бір орталықта болуының арқасында 1953 жылдың басында Орталық Қазақстан бойынша көп материалдар жинап, талдау жұмыстары аяқталды.1954 жылы алғашқы карталар макеттерін және жүйелендірілген металлогениялық болжам карталарының өзін жасау аяқталды. 1954 жылы Қ.И. Сәтбаев былай деп жазды: «Металлогениялық болжам картасы әр аймақтың геологиясы мен металлогениясы туралы біздің ұғымымыз пирамидасының шыңы болуы керек». Қазақстандық металлогения мектебі осылай туды. Бұл дүние жүзінде алғашқы металлогениялық болжам картасы да еді. 1958 жылы металлогениялық болжам карталарының методологиялық негізін дайындағаны және оларды жасап шығарғаны үшін Қ.И. Сәтбаев бастаған бір топ Қазақстанның геолог ғалымдарына Лениндік сыйлық берілді.

Ғылыми-теориялық және өндірістік-практикалық жұмыспен қатар айналысқан ғалым Қазақстан жер қойнауын зерттеуде бір қатар жаңалық ашып қана қоймай, ғылым саңлақтарын тәрбиелеген ұлы ұстаз ретінде белгілі. Ол Қазақстан Ғылым академиясын құрып, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Ресей, Тәжікстан сынды елдермен қоян-қолтық қатынастар орнатты. Қаныш Имантайұлы ғылымға деген құштарлықтың, Отанға деген махаббаттың жарқын үлгісін көрсетті.

1920-1941 жылдары Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған. 1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған. 1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған. 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.

1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті. Осы бірауыз сөзден ғалымның дене бітімі ғана емес, жан-дүниесінің, халқын сүйген жүрегінің де ірі екенін байқауға болады.

Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп және көптеген ғалымның ескерткіштері бар. Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі аталған.

Елбасы кітапханасының қорында ғалымның өмі жолы мен еңбегінен сыр шертетін келесідей басылымдар сақтаулы: «Қаныш Сәтбаев» (А.Қайыпов, М.Сәтбаева, С.Мұхамеджанов, 1989), «Сәулелі әулет» (Ш.Сәтбаева, 1996), «Қаныш елі» (М.Сәрсеке, 1999), «Қазақстан – менің Отаным: Қаныш Сәтбаевтың мақала, эссе, публицистикалары» (К.Ақышев, Т.Әлжанов, 1999), «Қаныш Сәтбаев туралы естеліктер» (Ғ.Жайлыбай, 1999), «Қаныш Сәтбаев : Қысқаша өмірбаяндық анықтама» (К. Салықов, 1999), «Қаныш Сәтбаев» (М.Сәтбаева, К.Салықов, 1999),  «Уақыт шуағы : Таңдамалы мақалалар мен зерттеулер» (Ш.Сәтбаева, 2000), «Қаныш Сәтбаев – қазақ елінің тұлғасы» (М.Сәтбаева, Т.Әлжанов, 2002), «Сәтбаев Қаныш Имантайұлы» (С.Дәукеев, М. Сәтбаева, Г.Авершина, Р.Умышева, 2002), «Қаныш Сәтбаев өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған әдебиеттер» (Е.Арын, 2003), «Сәтбаев планетасы. Таңдамалы шығармалар» көп томды ғұмырнама романы (М.Сәрсеке, 2006), «Қаныш Сәтбаев : Роман-эссе» (М.Сәрсеке, 2008), «Қаныш Сәтбаев : Энциклопедия ( Б. Жақып, алғы сөз авт. Н.Назарбаев, 2011), «Сәтбаевтану : Оқу құралы» (А. Өмірбеков,  М.Бәкенов, 2011), «Қазақтың Қанышы:  Деректі ғұмырнама роман» көп томдығы (М.Сәрсеке, 2015-2018)