1941 жылғы қарашадағы 28 гвардияшы-панфиловшылар ерліктері тарихта қалды. Батыс майданының 316-шы атқыштар дивизиясының 4-ші ротасының саяси жетекшісі В.Г. Клочковтың «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу!» сөзі бүкіл майданның ұранына айналды. 21 наурызда Кеңес Одағының Батыры Василий Георгиевич Клочковтың туғанына 110 жыл толды.
Василий Клочковтың отбасы Саратов облысынан, алайда ашаршылық кезінде олар Алтайға қоныс аударады. Мектептен кейін Василий құрылыс техникумын бітіріп, Бүкілодақтық КСРО Сауда халкомат институтына сырттай оқуға түсті. 1940 жылы Алматыға келіп, асхана-мейрамхана тресі басқарушысының орынбасары болды. 1941 жылы Василий Клочко Қызыл Армияға шақырылды. Үш атқыштар дивизиясы (316-шы, 312-ші, 238-ші) Қазақстанда құрылды. И.В. Панфиловтың пәрменімен кіші политрук Клочков Батыс майданы 16-шы армияның 316-шы атқыштар дивизиясына түсті. Василий Георгиевич 4 атқыштар полкінің политругі болып тағайындалды.
1941 жылы Мәскеу қорғанысы барысында генерал Панфиловтың жанынан 100 адамнан тұратын автоматшылар ротасы құрылып, Мәлік Ғабдуллиннің басқаруымен полк құрамына кірді. Кіл мықтылар біріккен автоматшылар ротасы 1941-1942 жылдары майданның алғы шебінде шабуыл жасады. Панфиловшылардың майдандағы ерліктері туралы профессорлар В.К. Григорьев пен Л.С. Ахметованың «Панфиловшылар: аңызға айналған ерліктің 60 күні» кітабынан оқуға болады. Политрук В.Г. Клочковтың төртінші ротасы зеңбірекшілермен бірге Мәскеу облысының Волоколамск ауданы Дубосеково разъезіндегі шайқастарға қатысты. Рота генерал Панфилов сәтті қолданған партизандық күрес тактикасын жүргізді.
В. Клочков бастаған 28 жауынгер жаудың 30-дан астам көлігін қағып, танк шабуылына тойтарыс беріп, соғыс тарихында сирек кездесетін ерлік жасады. Политрук Клочков ұрыс кезінде ауыр жарақат алғанына қарамастан «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу!» деп ұрандап жау танкінің астына гранаталармен жүгіріп жарып жіберіп, асқан ерлікпен қаза тапты.
Бұл шайқасқа қатысушыларға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Панфиловшылардың табандылығы сол кездегі басқа жауынгерлерге үлгі болды. 1942 жылдың 21 шілдесінде В.Г. Клочковқа ерлігі және жауынгерлік тапсырмаларды орындағаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен және «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.
Әскери ұрыстар кезінде неміс генералы Р.Руоф фельдмаршал Ф. фон Бокқа «316-шы дивизия... оның құрамында алған беттен қайтпайтын сайдың тасындай сарбаздар бар» деп баяндаған екен. Оқ пен оттың арасында жүрген сарбаздар жігерін жанып, ерліктерін көрсетті, сонысымен өзгелерге үлгі болды.
Василий Клочков Дубосеково маңында қайтыс болып, Мәскеу облысы Волоколамск ауданы Нелидово ауылындағы қабірге жерленген.
Маршал Г.К. Жуков: «28 панфиловшылардың батырлығын ешқашан ұмытпаймыз, бұл мен үшін өшпес ерлік» деп еске алады. Василий Клочков пен оның майдандас жолдастарының ерлігі туралы кітаптар жазылды, картиналар салынды, кинофильмдер жасалды, ескерткіштер тұрғызылды. Бауыржан Момышұлының «Артымызда Мәскеу» кітабында Мәскеуді қорғау кезіндегі шайқастар ашық жазылған. Кеңес Одағының маршалы Б.М. Шапошниковтың 3 томдық еңбегінде панфиловшылардың ерлігі толық сипатталып, «Мәскеу түбіндегі неміс әскерлерін жайпау» ұрысының тактикалық мәні ашылған. Василий Клочковтың есімі Қазақстан мен Ресей қалаларындағы көшелер мен мектептерге берілген, КСРО-ның пошталық маркасы шығарылған, туған ауылында ескерткіш қойылған.
2015 жылы 7 мамырда Қазақстанның астанасында «Жерұйық» саябағында Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.Панфиловтың ескерткіші ашылды. Ашылу салтанатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев былай деді: « Олар бірлесіп Мәскеуге кірген Германияның фашистік танк тобының шабуылына қарсы тұрды. Политрук В. Г. Клочковтың «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу!» сөзі бәрімізге қанат бітірді...». Политрук Клочковтың дәл осы тарихи сөздері Алматы қаласындағы саябақта «28 гвардияшы-панфиловшылар» монументінде жазылған. Жыл сайын 9 мамырда ескерткішке ҰОС ардагерлері, жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары жиналып, гүл шоқтарын қойып, батырлардың өшпес ерліктерін еске алады.
Елбасы кітапханасында В.Г. Клочков пен панфиловшы-батырлар туралы баяндайтын бірқатар басылымдар бар. Оқырмандар «Говорят мертвые герои. Мертвые письма советских бойцов против немецко-фашистских захватчиков (1941-1945)», Т.А. Мансұров, Г.Қойшыбаев, В.Чернов «Казахстанцы защищают Москву. К 60-летию боев под Москвой», «Воспоминания о павших. Великая Отечественная война (1941-1945)» және тағы да басқа кітаптармен таныса алады.

