Осыдан тура 60 жыл бұрын адамзат тарихында елеулі оқиға орын алды. 1961 жылдың 12 сәуір айында Юрий Гагарин ғарыш кеңістігіне ұшып, әлем тарихында өз есімін алтын әріппен жазып кетті. Өткен ғасырдың басты жаңалығына баланған, терең символдық мәні бар бұл күн ешқашан өз маңыздылығын жойған емес.
Биыл, 2021 жылы Қазақстанның Халық Қаһарманы, Ресей батыры, авиация генерал-лейтенанты, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.
Талғат Амангелдіұлы 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарғалы кентінде дүние есігін ашты. 1974 жылы Рига Қызыл Ту азаматтық авиация инженерлері институтында «Авиациялық радиожабдықты техникалық пайдалану» мамандығы бойынша білім алды.
1984 жылы Алматы қаласындағы ӘАФЖЕҚ аэроклубында оқуын аяқтап, ең жоғарғы пилотаж (ұшақ спорты) бойынша КСРО спорт шебері атанған бірінші қазақ ретінде танылды. Кейін азаматтық авиациясының 30-ы оқу-жаттығу жасағында шеберлігін шыңдады. Артынан КСРО Азаматтық авиация министрлігі Жоғары біліктілік комиссиясының шешімімен азаматтық авиация ұшқышы куәлігіне ие болды. 1989 жылы Ульянов ЭӨК мүше елдердің азаматтық авиациясы ұшу, диспетчерлік және инженерлік-техникалық құрамын даярлау орталығында (ұшқыш мамандығы бойынша) оқуын аяқтады. 1993 жылы Ақтөбе азаматтық авиация жоғары ұшу училищесінде ұшқыш-инженер дипломын қолтығына қысты.
Т. Мұсабаев азаматтық авиацияда инженерлік, ұшу және команда беру лауазымдардында қызмет етті. 1991-1993 жылдар аралығында «Мир» орбиталық кешенінің бағдарламасы бойынша ғарышкерлер тобының құрамында толық дайындықтан өтіп, «Союз ТМ-13» қосарлаушы ғарыш кемесінің зерттеуші-ғарышкері болды.
1994 жылдың 1 шілдесінде Талғат Мұсабаев тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш қазағы ретінде ғарышқа аттанды. Талғат Амангелдіұлы 2500 үміткер арасында қатаң іріктеуден өтіп, 5 ұшқыштың қатарына енді. Ол ғарышты үш рет бағындырып, екі рет экипажға командалық етті. Отандасымыз ашық ғарыш кеңістігінде әлемдік рекордтардың бірін орнатты – 7 рет шығып, 41 сағат 18 минутты бағындырды. Оның ұшуының жалпы ұзақтығы – 341 күн 9 сағат 48 минут және 41 секунды құрайды. Аталған жетістігінің нәтижесінде бірінші дүниежүзілік ондыққа кіріп отыр. Айта кету керек, Талғат Мұсабаев тұңғыш рет өзімен бірге ашық ғарышқа еліміздің туын, елтаңбасын, Конституциясын, бір уыс топырақ пен барша мұсылманның қасиетті кітабы – Құранды алып шықты.
Т. Мұсабаев 1990 жылдан 2003 жылға дейін Ю.А. Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығында жұмыс істеп, 2003-2005 жылдары РФ Қарулы Күштері әскери авиациясының жауынгерлік даярлық басшысы болды. 2005-2007 жылдары «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру бойынша «Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ Бас директоры қызметін атқарды.
2007 жылдан бастап Үкімет қаулысымен ҚР Білім және ғылым министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 2016 жылғы қаңтардан 2017 жылғы шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ал 2017 жылғы 13 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.
Мұсабаев өзінің еңбек жолында запастағы лейтенант-инженерден бастап Қазақстан Республикасы авиациясының генерал-лейтенантына дейінгі әскери мансабының барлық сатыларынан өтті. КСРО Ресейдің 79-шы ғарышкері және әлемнің 309-шы ғарышкері ретінде әлем тарихында аты қалды. Авиация мен космонавтиканы дамытуға қосқан үлесі үшін Талғат Мұсабаев көптеген мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болды. Ғарышкер Т.Мұсабаев туралы «Ғарыш көшпендісі» деректі фильмі түсірілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының экспозициясында Т. Мұсабаев сыйға тартқан экспонаттар: ғарышкердің қолғабы, Қазақстан жерінің капсуласы және ғарышта болған Құран қойылды. Кітап қорынан оқырмандар атақты ғарышкер туралы әдебиеттерді таба алады.
Елбасы кітапханасының мұрағатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ғарышкерлермен өткізген кездесулерінің бірегей материалдары, құжаттар мен фотосуреттер сақталған. Сонымен қатар, Елбасы кітапханасының бейнемұрағатында Н.Ә. Назарбаевтың ғарышкерлер – Т.А. Мұсабаев, Ю.И. Маленченко, У. Мербольдпен болған салтанатты кездесулерінің бірегей бейнекадрлары, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа ғарышта болған «Бейбітшілік туын» тапсыру рәсімі және тағы басқалары бар.


